ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІМЕН!

3 шілде, 2022

Бүгін – Ұлттық домбыра күні.

Елімізде 2018 жылдан бері аталып келе жатқан бұл күн бүгінде төл мәдениетіміз бен өнеріміздің ерекше мерекесіне айналды.

Халқымыздың рухани қазынасы саналатын домбыра күнін атап өту ұлтты ұйыстыруда үлкен маңызға ие.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға арнаған құттықтауында:

«Біз төл өнерімізді дәріптеу арқылы асыл құндылықтарымызды ұлықтай түсеміз.

Қазір жаңа Қазақстанды құруға кірістік, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруды қолға алдық.

Өркениетті ел болу үшін жаңа дәуірдің жақсы үрдістерін бойға сіңіру жеткіліксіз.

Сонымен бірге салтымызды сақтап, еңбекқорлық құндылықтарын кеңінен дәріптеп, бабалар жолын берік ұстанамыз.

Ендеше жұртымызбен бірге домбыра да мәңгі жасайды.

Күй өнері азаттық рухын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырады.

Домбыра әр шаңырақтың төрінде тұрсын!» – деп атап өтті.

Ұлы мұрамызды ұлықтайтын бүгінгі Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Қасиетті қара домбыра ұлттық өнерімізді биікке көтеріп, береке-бірлігіміздің айғағы болып, халқымыздың мақсат-мұратымен бірге дәуірлей берсін.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

 

Құрметпен

Әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ