ҚазҰУ-ға құжат тапсырушылар қатары көбейді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабылдау комиссиясы ЖОО-ға құжат қабылдаудың алғашқы күні 571 талапкерге қызмет көрсетті. Оның ішінде 387 үміткердің құжаты қабылданса, 184 түлекке кеңес берілді.
Оқу орнында құжат тапсыру үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Келушілер үшін электронды кезекке тұру қамтамасыз етіліп, барлық санитарлық нормалар қатаң сақталуда.
Талапкерлер ЖОО-ға құжатты дәстүрлі және онлайн форматта өткізе алады. Виртуалды қабылдау кеңсесі де үзіліссіз жұмыс істеуде. Оқуға түсушілер үшін жасалған жағдай мен қабылдау комиссиясының жұмысын талапкерлер мен ата-аналар бағалап үлгерді.
Талапкер Жансая Аманбаева қабылдау комиссиясының жұмысына байланысты пікірімен бөлісті.
«Университеттің қабылдау комиссиясы мамандарына жылдам әрі сапалы жұмысы, ізгі тілектестігі үшін ризамын. Олар пайдалы кеңес берді, қабылдау тәртібін түсіндірді, құжаттарымды қабылдады. Химияға қызығатындықтан, химия факультетін таңдадым. Алда магистратурада да білім алғым келеді. Мүмкін, болашақта өмірімді ғылымға арнаймын», – дейді Жансая.
Ұлына қолдау білдіре келген Ғалия Жаржанова да ҚазҰУ қабылдау комиссиясының жұмысы көңілінен шыққанын айтты.
«Үлкен ұлым ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебін биыл бітірді. Екінші ұлым да ҚазҰУ-ды таңдап отыр. Мен қолдадым. Мұнда оқытушылардың біліктілігі жоғары, студенттермен өте жақсы жұмыс істейді. Пандемия кезінде өзім оған куә болдым. Қабылдау комиссиясының жұмысы да көңілімнен шықты. Барлығы тиімді ұйымдастырылған. Бізге тез әрі сапалы қызмет көрсетті», – дейді ата-ана.
Бүгін өтініш білдірген талапкерлердің жалпы саны 560 адамды құрады. Оның ішінде 543-і офлайн, 17 адам онлайн қабылданды. Құжат тапсырғандар саны — 357. Сонымен қатар ақылы негізде оқуға алты адам құжат өткізген.
Жалпы, республика бойынша жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларына құжаттар қабылдаудың бірінші күні 12 мыңнан астам талапкер өтініш білдірген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5000-ға көп.
Естеріңізге сала кетейік, гранттарды тағайындау үшін құжаттар қабылдау конкурсы 13 шілдеде басталды, 20 шілдеге дейін жалғасады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі