ҚазҰУ-да шетелдік студенттерге арналған жазғы мектеп жұмыс істейді
Еліміздің жетекші жоғары оқу орны – ҚазҰУ-да академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында қазақ, орыс тілдерін және басқа да мамандықтарда оқитын әлем елдерінің студенттері жазғы мектепте білім алуда.
Қазіргі уақытта АҚШ-тан 45 студент Халықаралық білім беру жөніндегі америкалық кеңес және ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің бастамасымен «Флагман» бағдарламасы бойынша тәлім алуда.
Сондай-ақ Болон процесі және үкіметаралық келісім орталығы аясында жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультеті базасында Қытай, АҚШ, Йемен және Ауғанстаннан келген 18 студент қазақ және орыс тілін меңгеруде.
«Флагман» бағдарламасы 2015 жылдан бастап ҚазҰУ жанындағы Америкалық және демократиялық зерттеулер орталығының негізінде жүзеге асырылуда. Содан бері офлайн және онлайн форматта 500-ден астам студент білім алды.
Америкалық студенттер орыс тілін «Орыс тілі және халықаралық қатынастар» (күндізгі оқу түрі) бағдарламасы бойынша оқиды, ал кейбір студенттер қазақ тілін (бастапқы деңгей) меңгеруде. Жазғы семестрдің ұзақтығы – сегіз апта.
Бағдарлама аясында «Пікірталас саяси клубы», «Қазақстан тарихы мен мәдениеті», «Қазақстан халықтарының дәстүрі мен мәдениеті» сынды үйірмелер мен клубтар жұмыс істейді.
Америкалық кеңес жоспарлаған мәдени бағдарлама: ұлттық музейге, қорықтарға және Алматы мен оның төңірегіндегі басқа да көрікті жерлерге баруды қамтиды.
Бағдарламаның маңызды бөлігі – тілдік ортаға, мәдениетке ену, университет студенттерімен байланыс орнату, факультет және университет іс-шараларына қатысу, музейге, театрларға бару, спорт секциялары мен жарыстарға, шығармашылық байқауларға қатысу, қазақстандық студенттермен бірлескен Қазақстан бойынша экскурсиялар мен сапарлар ұйымдастыру және баулу.
Лингвистикалық серіктестер институтын орыс тілін оқытудың және Қазақстан жастарының күнделікті өмірімен танысудың қызықты форматы деп атаған жөн. Оқудың барлық кезеңінде шетелдік студенттерге елге бейімделуге көмек беріледі. Қазақстандық волонтер-студенттер тарапы да лингвистикалық серіктестерімен қызықты уақыт өткізуде.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі