Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасына қабылданған тұңғыш университет

29 қыркүйек, 2011

Еліміздің көшбасшы жоғары оқу орны - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Біріккен Ұлттар Ұйымының «Академиялық ықпал» бағдарламасына мүшелікке қабылданды. ҚазҰУ бұл бағдарламаға қабылданған Қазақстандағы ЖОО арасындағы тұңғыш университет.

«Академиялық ықпал» бағдарламасы - бұл адам құқығы, біліктілік, тұрақты даму, бейбітшілікті сақтау және қақтығыстарды шешу, мәдениетаралық диалог секілді оншақты әлемдік мойындалған қағиданы белсенді қолдауға байланысты әлемнің 90 елінен 500-ден аса университетті біріктіретін БҰҰ-ның жаһандық бастамасы.

ҚазҰУ-дың БҰҰ бағдарламасына енгеннен кейінгі нәтижелі алғашқы қадамдарының бірі Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болуының 20 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция болмақ. Сондай-ақ, университет жанынан БҰҰ орталығын ашу да маңызды шара ретінде қарылып отыр. Бұл Орталық Азиядағы халықаралық құқық пен халықаралық қатынастар факультеттеріне аймақтық алаң ретінде жұмыс атқарады.

БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасына ене отырып, ҚазҰУ экономикалық, әлеуметтік даму және бейбіт өмір сүру негіздеріне қарасты жоғары білім беруді дамытудың Орталық Азиядағы идеялары мен қағидаларын жүзеге асыру жөніндегі ағарту орталығы жауапкершілігін мойнына жүктейді. Бұл ҚазҰУ-дың әлемдік жоғары оқу орындармен халықаралық әрістестікті нығайта түсуге ықпал етеді. Мысалы, АҚШ-тың Колумбия университетімен әріптестік негізде «Тұрақты дамуға байланысты ықпалдасқан тәжірибелер» тақырыбында курс жүргізумен айналысатын «Глобал-класс» соның айғағы.

«Академиялық ықпал» бағдарламасы 2010 жылдың қараша айынан бері БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның тікелей бастамасымен жүзеге асып келеді. Оның қатысушылары Кембридж университеті (Ұлыбритания), Нью-Йорк университеті (АҚШ), Калифорния мемлекеттік политехникалық университеті (АҚШ), Иллиной мемлекеттік университеті (АҚШ), Монреаль университеті (Канада), Вена медициналық университеті (Австрия), Пекин университеті (Қытай), Женева университеті (Швейцария) және т.б. секілді әлемдік өте беделді білім ордалары.

«Академиялық ықпал» бағдарламасының қағидасы қатысушыларға ағарту саласын жаһандық мәселелерді шешу құралы ретінде пайдалануға міндеттейді.