Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, студенттер, магистрант, докторанттар!
Сіздерді 1 қыркүйек – Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген қағидасы бүгін де маңызын жойған жоқ. Сондықтан білім беру саласына артылар жауапкершілік өте зор.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасымен биылғы оқу жылынан бастап жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысы 20 пайызға, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15 пайызға өседі.
Біздің басты мақсатымыз – жастарға сапалы білім беру, білікті ғылыми кадрларды даярлау, мемлекет дамуына қызмет ететін білікті мамандарды тәрбиелеу.
Алдымыздағы 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толады. Осы мерейлі белеске жаңа жетістіктермен жетейік.
Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін.
Жаңа оқу жылы табысты болсын!
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректор