ҚазҰУ ұжымы Президент жолдауын тыңдады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті жолдауын үлкен ыждағатпен тыңдады.
Университет басшылығы, оқытушы-профессорлар қауымы мен білім алушы жастар Президент жолдауына кампустың үш нүктесінен және 16 факультеттің мәжіліс залдарынан бір мезгілде назар салып, онда айтылған саяси реформалардың жаңа бағдарламасын бірауыздан қолдады.
Университет ұжымы алда әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралардың маңыздылығына ден қойды. Жолдауда Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған негізгі міндеттер толығымен қамтылғанын атап өтті.
Білім сапасын арттыруға да ерекше көңіл бөлінеді. «Сондықтан мемлекет ҰБТ нәтижелері мен өзге де көрсеткіштерге байланысты 30-дан 100 пайызға дейін сараланатын білім гранттарын бөлуді жоспарлап отыр.
Оқуға жылдық 2-3 пайызбен жеңілдетілген несие де беріледі. Бұл шаралар жоғары білімді мейлінше қолжетімді етеді, сондай-ақ қоғамдағы серіктестік пен өзара жауапкершілік идеологиясын нығайтады», – деді Президент.
ҚазҰУ ұжымы Президент жолдауының университет қызметі негізіне алынатынын және айрықша міндет – берекелі бірлікті сақтау екенін айта келе, оны жүзеге асыруға белсене атсалысатынын тұжырымдады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі