ҚазҰУ ректоры дүниежүзілік ректорлар форумына қатысты

16 қыркүйек, 2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Бішкекте өткен «Ұлттық инновациялық экожүйені құрудағы университеттердің рөлі» атты халықаралық ректорлар форумына қатысып, баяндама жасады.

ҚазҰУ басшысы өз сөзінде: «Бүгінгі таңда адами капиталды дамыту, білім мен ғылымға инвестиция салу алдыңғы орында тұр. Университеттер экономикалық және әлеуметтік үдерістерді дамытудың қозғаушы күшіне айналып, ғылыми-технологиялық өзгерістерге бастамашы болуда», – деп атап өтті.

Жансейіт Түймебаев өз баяндамасында зерттеу университеттерін құру бойынша қазақстандық әдістемені алға тарта отырып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тәжірибесімен бөлісті.

Қазіргі таңда ҚазҰУ QS WUR халықаралық рейтингінде 150-орынға көтерілді. ҚР Үкіметінің қаулысымен ҚазҰУ-ға 2022 жылғы 25 шілдеде зерттеу университеті мәртебесі берілді.

«Алдағы міндет - әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналу. Трансформациялау барысында университет төрт стратегиялық міндетті шешетін болады», – деп атап өтті ректор.

Бірінші міндет жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейлеріндегі ғылыми қызмет пен білім беру үдерісін интеграциялауға, білім берудің зерттеу жиынтықтарын күшейтуге бағытталған.

Екінші міндет білім беру бағдарламаларын болашақ жағдайларға жүйелі бейімдеуді көздейді.

Үшіншіден, университет ғалымдарының өндіріспен, экономиканың нақты секторымен, ірі кәсіпорындармен тығыз ынтымақтастығын қамтамасыз ету және университеттің ел экономикасына нақты үлесін арттыру міндеті тұр.

Сондай-ақ оқытушылардың, білім алушылар мен қызметкерлердің цифрлық ойлауын қалыптастыру және «paper-free university» форматына көшу өте маңызды. Бұл университеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін корпоративтік басқарудың тиімді моделін құру міндетінде көрініс тапқан.

Сөз соңында Басқарма төрағасы тығыз байланыстар мен серіктестік құру үшін ұсыныстарды талқылауға әзір екенін білдіріп, форум жұмысына сәттілік тіледі. Іс-шара аясында сегіз панельдік секция өтті, олардың әрқайсысы жоғары білім беру саласындағы өзекті жаңа трендтерді талқылады.

Форум жұмысына әлемнің түкпір-түкпірінен 100-ден астам ЖОО басшысы қатысты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі