- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранттары ҚР Президенті атындағы стипенлия иегері атанды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранттары ҚР Президенті атындағы стипенлия иегері атанды
Бүгін Ақордада Елбасы Н.Ә.Назарбаев республикамыздағы ең үздік он магистрантты Президенттік стипендиямен және төсбелгілермен марапаттады.
Марапттау рәсімінде Елбасы «Әрқайсыларыңыз өздеріңізді талантты магистрант ретінде таныта алдыңыздар. Осы арқылы сіздер үлкен жетістікке жеткендеріңізді дәлелдедіңіздер. Алдағы уақытта да өз-өздеріңізге үлкен мақсат қою біліңіздер. Біз әрқашан сіздерге және еліміздің талантты жастарына қолдау көрсетеміз», - деді.
Стипендияны иеленген студенттер ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің екі магистранты бар. Олар: Диляра Копытина – биология және биотехнология факультетінің «Биотехнология» мамандығының магистранты, ал Диана Бүрлібаева – география және табиғатты пайдалану факультеті «Гидрометеорология» мамандығының магистранты.
Диляра 2008 жылдан бастап Биология және биотехнология институтының негізгі ғылыми жобаларына қатысып, жұмыс істеуде. Биология бойынша республикалық ғылыми олимпиадасының 2009 жылдың жүлдегері. 2010 жылдан бастап биология және биотехнология факультетінің биотехнология кафедрасының магистранты. Ғылыми жұмысы маңызды жеміс-жидек дақылдарының вирустарынан туындайтын проблемаларды зерттеу мен жоюға арналған. Қазіргі кезде жүзім вирустарының қазақстандық тест-жүйелерін шығару жұмысымен айналысады.
Екінші стипендиат – Диана Бүрлібаева, бакалавриатта оқып жүргенде Алматы қаласының су тұтыну мен суды пайдалану мәселелерін зерттеп, сол жұмысы үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің 1-ші дәрежедегі дипломымен марапатталған. Дипломдық жұмысы Ертіс, Есіл, Тобыл өзендерінің гидрохимиялық өзгеруін зерттеуге арналған. Қазіргі таңда география және табиғатты пайдалану факультетінің магистратурасында оқып жүріп, зерттеу объектісі ретінде Қазақстанның барлық негізгі өзендерін алып, осы ғылыми жұмысын жалғастыруда. 2008 жылдан бастап ҚР БжҒМ География институтының ғылыми жобаларына қатысушысы.
7000 үміткерден байқау комиссиясы 10-ын ең үздік деп таныды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 14 факультетінде 19 мыңнан аса студент білім алуда. Президент қойған талап негізінде әлемдік топ-университеттер қатарына кіру мақсатында бүгінде оқу орнында ұлттық зерттеу университетіне айналу жұмыстары жасалып жатыр.
ҚазҰУ Quacquarelli Symonds (QS, Ұлыбритания) агенттігінің 2011 жылғы зерттеулеріне сәйкес, дүние жүзі деңгейіндегі университеттер көрсеткіші бойынша әлемдік топ-университеттер рейтингінде 200 орынға жоғарылап, 401-450 дәрежеге енді. Бұл ретте ҚазҰУ әлемдік үздік университеттердің ортаңғы бөлігіне жақындаған Орталық Азиядағы тұңғыш университет болып табылады.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі