Қызыққа толы жексенбі

4 қазан, 2011

«Шынықсаң шымыр боларсың» демекші, салауатты өмір салтын қолдау мақсатында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің қалашығында барша жатақхананың І курс студенттерімен бірлесіп керемет шара өтті.

Жоғарғы студенттер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен бұл шара әуелі таңғы сағат 7.30-да дене жаттығуларымен басталып, «Қара жорға» биімен жалғасты. Жалпы алаңға І курс студенттерінен 514 адам жиналып, ҚазҰУ-дың рекордтар клубына кірді. Спорттық киімде жиналған студенттер қалашықтағы жастар алаңында ән ырғағымен таңғы жаттығуларын жоғары көңіл күйде жасады. Жас ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға шақырған ҚазҰУ қалашығының директоры Сейтжанов Әбдіқаһар Ануарұлы волейбол, футбол, шахмат, үстел теннисі сияқты спорт түрлерінен өтетін жарыстарды ашып берді. Студенттер үйінің І курс тұрғындарының арасында белсенді түрде қызу ойындар өз дәрежесінде өтіп, қорытынды марапаттау рәсімі болды. Ақын Алмахан ағай секілді бірқатар аға буын марапаттау рәсімінің қадірлі қонақтары ретінде қатысып, жарыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табыстады. Жалпы есеп бойынша халықаралық қатынастар факультеті суырылып алға шықса, ІІ орынды механика-математика факультеті және ІІІ орынды химия факультеті жеңіп алды. Шарамыз концерттік бағдарламадан да кем қалған жоқ. Эстрада жұлдыздары Гүлбаршын Тергеубекова, «Байыр»тобы қонақта болып, өз ән-шашуларын арнады. Соңы сағат 20.00-ге дейін би кешіне ұласып, бұл жексенбі есте қаларлық сәтті күн ретінде өтті десе де болады.

Сөйтіп,«бірінші байлық - денсаулық» болса, денсаулық кепілі - спорт екендігін тағы бір мәрте жастар ортасында насихатталды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі