Студенттер Сенаты - қазақ футболының жанашыры

4 қазан, 2011

Қазан айының 1-2 жұлдызында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Студенттер Сенатының ұйымдастыруымен мини футболдан қала чемпионаты болып өтті. Аяғы мен әрекетін қамдаған қырыққа жуық команда дүбірлі додаға қатысқан болатын. Жарыстың деңгейі көрсеткендей, алаңдағы ойын көрермендер қауымынан да үлкен қолдау тапты. Бұндай келісті істер аталмыш жарыстың деңгейінің жемісті екендігін айқын дәлелдеді. Жарыс нәтижелерін саралайтын болсақ, ІІІ орынды «Бейбарыс», ІІ орынды «Әулиеата» (ҚазҰУ командасы), І орынды «ҚазАТК» құрама командасы иеленді. Жарыс жеңімпаздарына диплом, кубок, бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Айы оңынан туған «ҚазАТК» командасы жарыс деңгейінің жоғары дәрежеде екендігін, қатысқан командалардың деңгейі жыл санап өсіп келе жатқандығын баса атап көрсетті. Жалпы футбол ойыны секундтан секунд ұтуды қажет етсе, алаңдағы кірпік қақтырмас жылдамдық, жекелеген ойыншылардың кәсіби шеберлігі әр команданың жарысқа жауапкершілікпен қарауы жігерімізге жігер, күдерімізге күдер қосқандығы белгілі. Жарысты ұйымдастырушы Студенттер Сенатының төрағасы, қазақ футболының жанашыры Нұрлан Әбдіқадыров өз сөзінде «Салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытындағы мұндай шаралар әлі де өзінің заңды жалғасын табады»,-деді. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында алда қойған жоспарлар көп, мақсат-айқын. Әрбір жастың жеке индивид ретінде қалыптасып, теңізге тамған тамшыдай үлес қосуы жастар санасының жаңарып, жаңғыруын тағы да бір дәлелдеді. «Алтын алма алғыс ал» демекші, жарыс соңында қатысушы барлық командалар ұйымдастыру комитеті, соның ішінде, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Студенттер Сенатына зор ризашылығын білдірді. Студенттер Сенаты мәліметінше, жарысқа өтініш беруші командалар саны толастамапты. Бұндайда айтарымыз келісіп пішкен тон ешқашанда келте болмайды. «Бұның өзі бізге мүмкіндіктерімізді ескере отырып, бұдан кейін де дүбірлі доп додаларын ұйымдастыруға тиімді жағдай қалыптастырды». Шын жүйрікке тұсау жоқ. Жаңа сайыс жаңа жеңімпаздарын асыға күтеді!

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі