ҚАЗАҚСТАН МЕН ВЕНГРИЯ АРАСЫНДАҒЫ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРҒА – 30 ЖЫЛ
ҚазҰУ-да Қазақстан Республикасы мен Венгрия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына арналған мәдени іс-шаралар циклі өтті.
Салтанатты шарада сөз алған ҚазҰУ-дың Халықаралық ынтымақтастық және интернационалдандыру департаментінің директоры Еркежан Әпсеметова Қазақстан мен Венгрияны ертеден келе жатқан саяси және экономикалық байланыстар біріктіретінін атап өтіп, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Венгрия Бас консулдығы ынтымақтастығының маңызды кезеңдеріне тоқталды. Қазақстан-Венгрия бизнес-форумы аясында ҚазҰУ Венгрия ұлтын зерттеу институтымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. 2021 жылдың қараша айында ҚазҰУ базасында Будапешт парламенті туралы ақпараттық көрме сәтті өтті. 2010 жылғы 11 наурызда Будапешттегі Болон министрлер форумының отырысы барысында Қазақстан Болон процесіне қосылды. Бұл оқиға қазақстандық білім берудің заманауи жүйесінің дамуына маңызды серпін берді.
«Екі ел арасындағы дипломатиялық байланыс орнатудың 30 жылдығы аясында бұл көрменің өтуі ерекше мәнге ие. Біз халықтарымыз арасындағы жан-жақты қарым-қатынастардың одан әрі нығаюына нық сенеміз. Осы екі күнде сіздер Венгрия тарихы мен мәдени мұрасы және біздің халықтарымыз арасындағы тығыз тарихи байланыстар туралы көп мағлұмат аласыздар деп үміттенеміз», – деді директор Еркежан Әпсеметова.
Венгрияның Алматыдағы бас консулы Ференц Блауманн өз кезегінде бұл айтулы күнді Қазақ ұлттық университетінде тойлау бұйырғанына ризашылығын білдіріп, шараның маңыздылығына тоқталды. «Қазір бізді тарихи ғана емес, генетикалық байланыстар да біріктіреді деп көп айтылады. Мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру және басқа да ынтымақтастықтың көрінісі арқылы бұған көз жеткіздім. Будапешттегі әлемдік құрылтайға қатысу бізді біріктіре түсті. Бүгін біз Венгрияда қазіргі көшпенділердің қалай өмір сүретіні туралы деректі фильмді көрсетеміз. Фильм біздің ата-бабаларымыз - қазақтар мен венгрлердің тарихы, олардың түп тарихи байланыстары негізінде жасалған», – деді бас консул.
Шара 2022 жылы Венгрияның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігі түсірген «Венгр мәдениетінің бейнесі» қысқа метражды фильмінің көрсетілімімен аяқталды.
Іс-шаралар циклі консулдықтың құрметті қонақтары, ҚазҰУ студенттері мен түлектерінің және университет би ұжымы мүшелерінің қатысуымен мерекелік концертке ұласады, онда «Magyarhang Zenekar» венгр фольклорлық тобы өнер көрсетеді. Алдағы уақытта Алматы, Астана қалаларында Stipendium Hungaricum бағдарламасы бойынша қазақстандық студенттер мен Венгрия жоғары оқу орындары түлектерінің бірлестігі – Alumni клубын құру жоспарлануда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі