Рейтинг көрсеткіштерін көтеру жолдары талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы QS өңірлік директоры Сергей Христолюбовпен кездесті. Жүздесуде QS рейтингінің келесі кезеңіне дайындық барысы, негізгі мүмкіндіктер мен тәуекелдер талданды. Сонымен қатар декан, кафедра меңгерушілері және департамент директорларымен тәжірибелік семинар-тренинг өтті.
Шараға Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Фатима Жақыпова, Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Хайдар Тасыбеков, Стратегиялық даму орталығының директоры Гүлшарат Минажева, оқытушы-профессорлар құрамы мен ғалымдар қатысты.
Кездесуді ашқан проректор Фатима Надырқызы: «Шын мәнінде, жаһандық және пәндік рейтингтердегі позициялар біздің қызметіміздің нәтижесін көрсетеді. Біз үшін жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін және оның рейтингтердегі көрінісін өлшеуде қолданылатын индикаторларды негізгі қызметімізге қалай енгізуге болатынын түсіну маңызды. Оны оқытушылар, білім алушылар және жалпы университет қызметінің сапасын арттыру үшін тиімді пайдалануымыз керек», – деп, рейтингтерге қатысудағы негізгі мақсатты айқындап өтті.
QS өңірлік директоры Сергей Христолюбов «Келесі жылдың рейтингтік цикліне дайындық: негізгі мүмкіндіктер мен тәуекелдер» атты баяндама жасап, ҚазҰУ ұжымы мен Гүлшарат Минажева жетекшілік ететін стратегиялық даму орталығының жұмыс нәтижелерін жоғары бағалады.
«Университеттің барлық көрсеткіштерінің динамикасы өте жақсы. Мұны QS жаһандық рейтингінде аймақ және бүкіл Орталық Азия бойынша рекордтық көрсеткіштеріңіз көрсетіп отыр. Баяндамада біз бұл жетістікке әсер еткен факторлар, оның құрамдас бөліктері мен негізін көре аламыз, соның нәтижесінде ҚазҰУ беделі жергілікті және халықаралық деңгейде қалыптасты. Сондай-ақ келесі жылдың рейтингтік цикліне дайындық мүмкіндіктерін кеңінен қарастырамыз», – деді QS өңірлік директоры.
Бұдан әрі семинар жұмысы фокус-топтар жұмысының шеңберінде жалғасты. Оқытушы-профессорлар «Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын дамыту», «Шетелдік студенттерді тарту жолдары», «Шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты дамыту», «ОПҚ жариялау белсенділігін дамыту», «Білім алушылардың зерттеу әлеуетін арттыру», «Отандық жұмыс берушілермен ынтымақтастықты кеңейту», «Білім алушылардың академиялық ұтқырлығы және ОПҚ» тақырыптары бойынша сұрақтарға жауап іздеп, ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ қатысушылар көкейдегі өз сұрақтарына да толыққанды жауап алды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі