«Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ кундері» әл-фараби атындағы ҚазҰУ-дың мерейтой жылын ашты

3 ақпан, 2009

2009 жылдың 15-16 қаңтарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ күндері» ашылды. ЕҰУ-дің ғалымдары мен студенттері бастаған ресми делегация былтырғы жылдың қыркүйегінде еліміздің беткеұстар университеттерінің ректорлары мұрындық болып, қолдауымен бастау алған жоғары оқу орындар күндері дәстүрін әрі қарай жалғастырды.

Бұл айрықша шара еліміздің бас университетінің туған күніне - 15 қаңтарға - дөп келгенін ерекше айта кету қажет. Биыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 75 жыл толады. ЕҰУ күндерінің салтанатты ашылуы мерейтойлық жылға жоспарланған көптеген мерекелік шаралардың тек басы ғана.

 

 

ЕҰУ күндерінің бағдарламасы қос ірі ұлттық университет жайлы баяндайтын екі көрменің ашылуынан басталды. Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының бірінші қабатында орналасқан астаналық университет делегациясының түрлі-түсті әрі қызғылықты көрмесі ҚазҰУ-лықтарды жас та болса, қарқынды дамып келе жатқан Еуразия ұлттық университетімен таныстырды. Сарайдың екінші қабатында алғаш рет Қазақ ұлттық университетінің мерейтойына арналған көрменің тұсауы кесілді. Мерейтойлық 24 экспозициядан тұратын көрме еліміздің басты жоғары оқу орнының тарихына шолу жасап, бүгінгісі мен ертеңгі даму жолдарын тынғылықты және мазмұнды баяндайды.

 

 

- ҚазҰУ-дың мерейтойлық жылы Еуразия ұлттық университетінің күндерімен ашылып жатқаны кездейсоқ емес. Біз жас астанамыздан келген қонақтарымызға қадамдарыңызға гүл жаусын дейміз. ЕҰУ-дың профессорлық-оқытушылық құрамының іргетасын ҚазҰУ-дың оқытушылары мен түлектері құратыны жасырын емес. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Еуразия ұлттық университетін ашу жөніндегі қаулыға қол қойғанына небары 12 жыл өтсе де, бүгінде ЕҰУ-дің Қазақстан аумағында ғана емес, шетелдерде де аты шығып, еліміздің білім беру және мәдениет орталығы ретінде қалыптасып үлгерді, - деді қонақтарға арналған алғысөзінде ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов.  

Еуразиялық университетінің ректоры Бахытжан Әбдрайымов ҚазҰУ ұжымын мерейтойлық жылдың басталуымен құттықтап:

- ҚазҰУ профессорлық-оқытушылық құрамының біздің жас университеттің қалыптасуына сіңірген еңбегі зор. Еліміздің ата университетінің үздік профессорлары мен педагогтары жас университеттің алғашқы қадамдарын жасауға көмектесті, жандарын салып дәрістерін оқуға келетін, тәжірибе мен білімдерімен бөлісті.  ЕҰУ-дің іргетасын Мырзатай Серғалиев, Рымғали Нұрғали және т.б. отандық ғылым мен білім берудің майталмандары қалады. Екі университет арасындағы жылы қарым-қатынас қазір де жалғасуда. Жуырда ғана ЕҰУ-де сіздердің профессор-ғалымдарыңыздың қатысуымен Қазақ ұлттық университетінің күндері өтті. ЕҰУ-дің студенттері күні бүгінге дейін ол дәрістерді емірене еске алады. Үлкен алғыс пен құрметімді білдіре отырып, Қазақ ұлттық университетінің үлкен ұжымын туған күнімен және мерейтойлық жылдың басталуымен құттықтаймын.

Құттықтау сөзінен кейін ЕҰУ ректоры ҚазҰУ профессорлары - Есбол Жамалбеков, Роберт Гальперин, Алтай Аманжолов, Жолмұхан Түрікпенұлы және Төреғалды Қаратаевқа естелік медальдарын табыстады. ҚазҰУ-дың  студенттері де атаулы стипендиялардың иегері атанды. Л.Н. Гумилев атындағы стипендия (түріктану және филология саласында) Мейрамгүл Жанабергеноваға (филология факультеті, 3 курс), К. Акишев атындағы стипендия (тарих және археология саласы) Пердехан Мұсырманқұлға (тарих факультеті, 4 курс) және И. Ақбергенов атындағы стипендия (математика саласында) Әйгерім Әбдібековаға (механика-математика факультеті, 3 курс) бұйырды.

 

 

Мерейтойлық жылға байланысты ҚазҰУ ректоры университеттің күміс медальдарын Жабайхан Әбділдин, Әлия Бейсенова, Мұхтарбай Өтелбаев, Рымғали Нұрғали, Мырзатай Серғалиев, Рахметқажы Берсімбаев сынды ЕҰУ-дің академиктеріне табыстады. Кезінде олардың барлығы ҚазҰУ-дың қабырғасынан шыққан болатын. Сонымен қатар ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов ЕҰУ-дің бакалавриатында оқитын үздік студенттерге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистратурасында бес орын бөлу туралы Ғылыми кеңестің шешім қабылдағанын мәлімдеді. ЕҰУ делегациясының құрамында келген студенттер бұл шешімді қуана қабылдады.

Салтанатты жиында құттықтау сөзімен М.В. Ломоносов атындағы МГУ-дың қазақстандық филиалының директоры Алекандр Сидорович те шықты. Қазақстан жоғары оқу орындар қауымдастығының президенті Рақман Алшанов Ахмет Байтұрсынов атындағы алтын медальмен университет ректоры академик Б.Т. Жұмағұловты "Еліміздің жоғары білімін дамытуға қосқан зор үлесі үшін" марапаттады.

«ЕҰУ күндерінің» салтанатты ашылу рәсімін жоғары оқу орын аралық форумның қатысушылары астаналықтардың мерейтой иесіне әкелген сыйы - «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дегі күндері» атты бейнефильмді тамашалаумен аяқтады.

«ЕҰУ күндері» шеңберінде ҚазҰУ факультеттерінде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың атақты профессорлары - академик Жабайхан Әбділдин, Мұхтарбай Өтелбаев, Рымғали Нұрғали, Мырзатай Серғалиевтің қатысуымен ғылыми семинарлар өтті. Ал филология және тарих факультеттерінде еліміздің танымал ғалымдары, публицистері мен жазушыларының бас қосуымен ЕҰУ профессорлары Ақселеу Сейдімбек пен Қойшығара Салғариннің монографияларының тұсаукесерлері өтті.  

Кешке Студенттер сарайында ЕҰУ мен ҚазҰУ-дың үздік әншілері мен би ансамблдері қатысқан мерекелік концерт өтті. Концерт екі ұлттық университет көркем өнер ұжымдарының Қазақстан Халық әртісі Роза Рымбаевамен бірге «Қазақ елі» әнін орындауымен тәмамдалды.

 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі