ҚазҰУ-да әлемдік трендтер мен үздік білім экспортының стратегиялары талқыланды

7 қазан, 2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің қатысуымен «Əлемдік білім беру кеңістігіндегі трансұлттық өзара əрекеттестік» атты VI орталықазиялық халықаралық форумы өтті.

ҚР IAAR бас директоры Алина Жұмағұлова шараны ашып, білім беру жүйесінің жаһандық сын-қатерлеріне тоқталып, білім беру саласындағы ынтымақтастық пен мәдени алмасудың маңызын ерекше атады. 


ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев трансұлттық өзара іс-қимыл және жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған форум тақырыбының өзектілігіне тоқталып, зерттеу университеті – бұл білім мен ғылымның көп тармақты мәселелерін шешуге қабілетті модель екенін атап өтті.

«Қазіргі уақытта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ макро деңгейде білім беру және ғылыми-инновациялық қызмет нәтижелеріне қол жеткізуге бағытталған даму бағдарламасын іске асыруда. Біздің университет QS жаһандық рейтингінде әлемдегі ең үздік университеттер арасында 150-орында, сондай-ақ ұлттық және халықаралық рейтингтерде алдыңғы орындардан көрінуде. Оқу орнының білім беру және ғылыми әлеуетін ескере отырып, біз Қазақстанда әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті моделін құрудамыз», – деді ректор.

Университет ғылымының елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін арттыру үшін ғылым мен білім берудің нақты интеграциясына бағыт алынды. Бүгінде университеттік білім берудің перспективалық моделі қалыптасуда: оқу орнында 500-ден астам білім беру бағдарламасы іске асырылуда, 137 білім беру бағдарламасы QS by Subject рейтингінде 500 тобына кірді. Әлемнің жоғары оқу орындары және ғылыми орталықтарымен стратегиялық әріптестік жүзеге асырылады. Қос диплом бағдарламалары, халықаралық жобалар, ОПҚ үшін тағылымдамалар және білім алушылардың академиялық ұтқырлығы табысты жүргізілуде.

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов оқыды. Онда адами капитал мен білім сапасы Ұлттық күн тәртібінің басты басымдығы екені айтылды. «Қазақстанның ұлттық білімі қазіргі заманғы трендтерге сәйкес дамып, бәсекеге қабілетті және сыни тұрғыдан ойлайтын, еңбек нарығының қазіргі заманғы талаптарына бейімделген қажетті кәсіби құзыреттілікке ие адамдарды қалыптастыруы маңызды», – делінді құттықтауда.

Жиында сөз алған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары білім сапасын арттыру жолындағы мақсат-міндеттерге назар аударды. Ведомство басшысы форум қатысушыларына көптеген мәселелерді алқалы түрде пысықтауды ұсынды. Оның қатарында жоғары білімнің қандай моделін, атап айтқанда: әлеуметтік тегін, тәуелсіз немесе аралас түрін енгізу мәселесін атады.

«Демографиялық жарылыс, білім алушылар санының артуы онлайн-білім беру контентін және цифрландыруға қол жеткізуді қажет етті», – деді министр.

Шара аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ҚазҰУ-дың наноспутник зертханасы, Жерді қашықтықтан зондтау орталығы, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы жұмысымен танысты.  


|Форумның пленарлық отырысында Тәжікстан Республикасының VI сайланған Мәжіліс депутаты Гүлзода Махмадшох Құрбонәли, Қырғыз Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары Расул Абазбек, IAAR Байқау кеңесінің төрайымы, Кеңес төрағасының орынбасары Бірғаным Әйтімова, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов, Дүниежүзілік медициналық білім беру федерациясы президенті Дэвид Гордон, Жоғары білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі Еуропалық реестр президенті Карл Дитрих, Жоғары білім берудегі сапаны қамтамасыз ету жөніндегі Еуропалық қауымдастықтың Директорлар кеңесінің мүшесі, Жоғары білім сапасы жөніндегі агенттік (AIKA) директоры Иоланта Силка сөз сөйледі.  


Сондай-ақ жиын барысында рейтинг жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (IAAR) рейтингінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірінші орынды иеленді.

Одан әрі форум жұмысы панельдік сессияларға жалғасты. Онда «Шынайы жаһандық жағдайдың білім берудің дамуына ықпалы», «Университет архитектурасы: жаңа үлгілер мен мүмкіндіктер», «Цифрлық трансформация дəуіріндегі медициналық білім берудің сапасы», «Студентке бағытталған əдіс: басқару жəне мəдениет» тақырыбы аясында баяндамалар тыңдалды.

Аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігі (IAAR) ұйымдастырған ірі халықаралық форум сандық трансформация жағдайында білім беру саласындағы үздік тәжірибені талқылау және алмасу алаңын құруға бағытталды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі