Білім сапасын арттыру мәселесі талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басшылығы Астанада Болон процесінің бақылау тобы (BFUG) өкілдерінің қатысуымен өткен Орталық Азия жоғары оқу орындары ректорларының конференциясына қатысты. Шарада Орталық Азиядағы білім беру саласындағы өңірлік ынтымақтастықты одан әрі арттыру мәселелері талқыланды.
Конференцияға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан Білім министрліктерінің өкілдері, Орталық Азия елдеріндегі жоғары оқу орындарының ректорлары, Еуропа Кеңесі, Quacquarelli Symonds (QS), UNESCO, BFUG мен Латвия және халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналды.
Конференцияның пленарлық отырысын ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ашты. 2021 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстан Орталық Азиядағы жоғары білім беру кеңістігінің негізгі қағидаттары туралы Түркістан декларациясын қабылдады. 2022 жылдың мамыр айында Алматыда Орталық Азия ректорларының форумы өтіп, Орталық Азия университеттерінің қауымдастығын құру туралы шешім қабылданды.
«Біз Орталық Азиядағы жоғары білім беру кеңістігін студенттер мен жоғары оқу орындарының академиялық құрамы оқу, білім, тәжірибе алмасу, зерттеулерге қатысу үшін кедергісіз қозғала алатын еркін аймақ ретінде көреміз. Биыл Қазақстан шетелдік азаматтарға арналған стипендиялық бағдарлама шеңберінде Орталық Азия білім беру кеңістігіне кірген елдердің азаматтарына 186 грант бөлді», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Өз кезегінде шараға жиналғандар өзара пікір алмасып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Конференция барысында қатысушылар Орталық Азиядағы жоғары білім беру кеңістігінің бюросын құру туралы бірлескен шешім қабылдады. Оның құрамына әр елдің өкілі кіре отырып, тепе-теңдік шарттарында әрекет етеді. Бюроның миссиясы – аймақтағы Болон реформаларын ілгерілету арқылы Орталық Азия елдеріндегі жоғары білімді дамыту. Жаңа орган Ғылым және жоғары білім министрлігінің Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығында орналасатын болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі