Амалы қалмаған адам баласының жалғыз жұбатушысы да, шынайы бақыты да – өлім. Мағжан Жұмабаевтың «Әлдиле, өлім, әлдиле!», - деп өлең шығарып, Бодлердің «Өлім зұлымдықтан құтқарады», - деген ой айтуы бекер емес. Ал, өмірдің қиыншылығы қажытып, тағдырдың ауыртпашылығы қинаған адам баласына ең соңғы жарық сәуледей себездеп, ең соңғы шұғылалы шуақтай қуат беретін нәрсе – үміт. О.Генридің «Соңғы жапырақ» шығармасы да үміт туралы.
Өмірге келіп, дүние дидарын таныған адам баласының үміті мол, арманы асқақ болады. Шырын шақтағы шытырман қиялдар да, ересек кездегі мардымды мақсаттар да ғұмырдағы тәтті естеліктер болып санаға сақталары сөзсіз. Әр адамның балалық шақта «Ғарышкер боламын» деп қиялдың қанатты тұлпарына мініп, арманның асау арғымағына құрық салуы – үміттің көрінісі. Әртүрлі арманға ерік беріп, әртүрлі мақсатқа жетуді көздеген адам баласы ажал жастығына бас қойған сәтте бір ғана нәрсені ойлайды. Ол – соңғы үміт.
Өлімге бір табан жақындап, өліара шақты бастан өткерген адам баласының соңғы үміті де сан түрлі болады. Соңғы үміт – осы дүниеде қалуға мәжбүрлейтін, осы өмірді сүруге итермелейтін ғаламат күш. Мәселен, Джонсиді осы өмірде қалуға мәжбүрлеген, осы өмірді сүруге итермелеген күш – өнер. Ол сырлы бояулармен Неаполитан бұғазын салғысы келеді. Бұл – өнердің күші, өнерді киесі. Дәрігер Сьюдиге Джонсидің ауруы туралы баяндаған сәтте «Оның жүрегінде ойлауға тұратын бірдеңе жоқ па ? Мысалы еркек…», - деген сауал қояды. Иә, бір адамдар үшін соңғы үміт, соңғы сенетін күш – махаббат болса, бір адамдар үшін – өнер болуы мүмкін.
Ғазалдай шерлі ғұмыр кешіп, ажары қорқынышты ажалдан да қаймықпаған қарт суретші Берманның соңғы үміті – ең тамаша сурет салу еді. Ол осы үміті орындалып, арманы жүзеге асып қаза тапты. Берман қарлы-жаңбырлы суық түнде өз жапырағын үзіп – өзгеге үміт сыйлады, өзгенің кеудесіндегі жапырақты сақтап қалды. Өнер – өмір сүруге ынтықтыратын, өмір сүруге итермелейтін сұрапыл күш.
P.S. О.Генри бойымыздағы ізгі сезімдерді оятып, кеудеміздегі үміт отын жағып, өмір сүруге деген құштарлығымызды арттыра түседі. Ол соңғы жапырақты мәңгі қурамастай бейнелеген Берман шал секілді – кеудеміздегі соңғы үмітті өлтірмеуге үндейді.
Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының 3-курс студенті Әмре Жәнібек