«Сұңқар» бағытын айқындады

13 қазан, 2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының төрағасы даму стратегиясын ұйымдастырды. Бұл даму стратегиясында кәсіподақ төрағасы Бақдәулет Баймаханұлы 2020-22 жылдар аралығында атқарылған жұмыстардың статистикалық мәліметтеріне шолу жасап, соңғы екі жыл көлемінде елімізде орын алған жағдайларға байланысты кәсіподақтағы өзгерістер мен мәселелердің шешімін қарастырып өтті. Даму стратегиясына факультет төрағалары мен орынбасарлары, ҚазҰУ бойынша мега-жобалардың координаторлары, «Оңай» көліктік жол картасының бас мамандары және клуб жетекшілері мен кәсіподақ белсенділері қатысты.

Даму стратегиясының ерекше жаңалығы – заман талабына сай тиімді кәсіподақ құру үшін жастарды қолдау мен дамуына төрт бағдар қойылды. Ол – жаңару және құндылық, бәсекеге қабілетті кәсіподақ, кәсіподақ құрылымының жаңа моделі, тұлғалық даму.

«Студент жастар арасындағы суицид, қаржылай сауатсыздық, жұмыс тапшылығы, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар, тұрғын үй мәселесі, құқықтық заң бұзушылық, жемқорлық т.б түрлі себептер бойынша нақты ақпараттың жетіспеуінен түрлі мәселелер туындауда. Сонымен қатар түрлі жастар мәселесі мен дамыту бағытын қамтитын ақпараттық ауқымды платформа құру басты назарда», – деп атап өтті Бақдәулет Баймаханұлы.

Кәсіподақ төрағасының бүгінгі даму стратегиясында әлеуметтік жаңғырған жаңа кәсіподақ негізін дамытуда өте үлкен мәселелерді шешуді міндет етіп қойды. Солардың бірі – еліміздегі әрбір университет тамамдаған маманның жұмыссыз қалу қаупі. Осы мақсатта кәсіподақ инвесторлар мен демеушілер санын көбейтіп, студенттердің еліміздегі ірі компаниялар мен түрлі орындарда жұмыс істеп, тәжірибе алмасуына, біліктіліктерін арттыруына жағдай жасайды. Сонымен қатар жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша түрлі бос жұмыс орындарын ұсынады. Инвесторларды тарту және қолдау алу мақсатында түрлі Start-up жобалары арқылы өз бизнестерін бастауға мүмкіндік береді.

Бұл даму стратегиясының мәні «Сұңқар» кәсіподағы қызметінің мәні мен мақсатын нақтылау, атқаратын жұмыстары мен қызметтерін, кәсіподақ жарғысы мен құндылықтарын нақты бекіту болды. Әрине, «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының төрағасы ұйымдастырған даму стратегиясында айтылған әрбір ұсыныстың іске асуы үшін, ең бастысы, әрбір келешек «сұңқарлық» көшбасшы атсалысуы керек. Біз университет тарапынан үлкен қолдау мен сенімге ие кәсіподақтың жаңа сатыға көшетініне, жаңа экономикалық және саяси-әлеуметтік өрістерге жететініне сенім артамыз.

 

Әйгерім ЕРАЛЫҚЫЗЫ,

«Сұңқар» студенттер мен магистранттар

кәсіподағының PR-менеджері