ҚазҰУ қалашығы құрылысын басқарған Т.Төлегеновке мемориалдық барельеф ашылды
Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында жарты ғасыр бұрын ҚазҰУ қалашығының құрылысын басқарған көрнекті сәулетші және құрылысшы Тарас Төлегеновке арналған мемориалдық барельефтің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Шараға белгілі ғалымдар, Тарас Төлегеновтің шәкірттері мен туыстары, оқытушы-профессорлар мен білім алушы жастар қатысты.
Салтанатты шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ашып, университет ректоры болған академик Өмірбек Жолдасбеков тұсында ҚазҰУ қалашығының құрылысын басқарған Тарас Төлегеновтің қосқан еңбегін жоғары бағалады.
«Биыл қалашықтың құрылғанына және құрылысының басталғанына 50 жыл толды. ҚазҰУ қалашығының бой көтеруіне Тарас Сәтмағамбетұлының қосқан үлесі зор», – деп атап өтті университет басшысы. «Кампус қазіргі таңда заман талабына сай өзгеруде. Біз оқу ғимараттары мен жатақханаларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Жақында Үкімет қаулысымен ҚазҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді. Қазіргі кезде ҚазҰУ қалашығын жаңғыртудың екінші кезеңінің жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта қалашықтың заманауи инфрақұрылымын жан-жақты дамыту жөніндегі жұмысты жүйелі жалғастыратын боламыз», – деді ЖОО басшысы.
Шараға университеттің Ардагерлер кеңесінің төрағасы, академик Зұлқайыр Мансұров қатысып, естеліктерімен бөлісті.
Қайраткер тұлғаның қызы Әселина мен әпкесі Мәдина Тарас Сәтмағамбетұлының еңбегін жоғары бағалаған университет басшылығына жылы лебіздерін білдіріп, үздік студенттерге Тарас Төлегенов атындағы арнайы шәкіртақы тағайындағандарын атап өтті.
Сертификаттарды Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Лейла Бимендиева табыс етті.
Шара қайраткер тұлға Тарас Төлегеновтің өмірі, кәсіби жолы мен жетістіктері туралы фильм көрсетілімімен аяқталды.
Әл-Фараби атындғы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі