Академик Сұлтан Сартаевтың туғанына – 95 жыл
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Біз конституциялық кеңістікте өмір сүріп жатырмыз: академик Сұлтан Сартаевтың саяси-құқықтық көзқарастары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Қазақстанның және шетелдердің жетекші ғалымдары, мемлекеттік органдардың өкілдері, құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, оқытушы-профессорлар мен білім алушы жастар қатысты.
Алқалы жиын Қазақстанның конституциялық дамуына, президенттік басқару нысанының қалыптасуына, парламентаризмнің дамуына, адам құқықтарын қорғауға және елдің егемендігін нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым, заңгер, академик Сұлтан Сартаевтың өмір жолына, ғылыми мұрасына және мемлекеттік қызметіне арналды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев конференцияны ашып, академиктің егемен мемлекеттің қалыптасуындағы рөлін атап өтті.
«Академик Сұлтан Сартаев – еліміздегі алғашқы құқықтық реформаларды жүзеге асыруға айрықша үлес қосқан ғалым. Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның, ҚР азаматтығы туралы, ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы, Тіл туралы заңдарды, Ата заңымызды жасауға және қабылдауға тікелей қатысқан қайраткер тұлға», – деді ЖОО басшысы.
Жиында сөз алған академик Зұлхайыр Мансұров Сұлтан Сартайұлының бар ғұмыры Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен байланысты екенін тілге тиек етті. Ол көптеген ғалымдарды: 10 заң ғылымының докторы, 50-ден астам заң ғылымының кандидатын тәрбиеледі. 600-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Академик Сартаевтың ғылыми еңбектері терең теория және құқықтық тәжірибенің үйлесуімен ерекше сипатталатынын жеткізді.
Заң ғылымының докторы, профессор Игорь Рогов қайраткер тұлғаның мемлекеттік-құқықтық қызметіне тоқталды. ҚР Парламентінің депутаты бола тұра, ол бүкіл халықтың мүддесі мен мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құруға байланысты өмірлік маңызды мәселелерді көтергеніне назар аударды.
Академик Салахиден Сәбикенов өз сөзінде заң ғылымы мен заң білімінің бастауына жүгінді. «Біздің ұстаздарымыз: академиктер – Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Мұрат Баймаханов, Ғайрат Сапарғалиев қазіргі Қазақстан мемлекеттігінің және ұлттық құқықтық жүйенің негізін қалады. Біздің міндетіміз – мемлекеттілік пен құқықтық жүйені одан әрі дамыту мен нығайтуды қамтамасыз ету», – деді ғалым.
Сондай-ақ халықаралық басқосуда мемлекет және қоғам қайраткерлері, халықаралық және отандық сарапшылар, ғалымдар сөз алып, ғалымның халқына сіңірген ерен еңбегі жайлы ой толғап, пікір білдірді. Академик Сұлтан Сартаев егемен мемлекеттің қалыптасу тарихында, қоғамдық қызметте, халықаралық қатынастарда, заң білімі мен ғылымында, Қазақстанның құқықтық және этикалық санасында ерекше орын алатынын зерделеді.
Академиктің туғанына 95 жыл толуына орай өткен шараны ҚазҰУ-дың заң факультеті Мемлекет және құқық тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық теориясы; Қылмыстық құқық, қылмыстық процесс және криминалистика кафедралары ұйымдастырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі