Қазан университетінің делегациясы ҚазҰУ- ға келді

15 қазан, 2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаев Қазан федералды (Еділ) университетінің делегациясымен кездесті.

Білім ордасының басшысы қонақтарға ҚазҰУ-ға арнайы сапармен келгені үшін алғысын білдіріп, QS рейтингінде 150 орын алып отырған Қазақстанның жетекші көпсалалы жоғары оқу орнының қызметі туралы хабардар етті.


ҚазҰУ Ресейдің жетекші университеттерімен ынтымақтастық туралы 190-нан астам екі жақты келісімге қол қойған. Бүгінде университет қабырғасында Ресейден келген 54 студент білім алуда. Оның 18-і грантпен, 36-сы келісім-шарт негізінде оқып жатыр.  

«2014 жылдан бастап біздің университеттер арасында әріптестік келісім жасалған, биыл ҚазҰУ медицина және денсаулық факультетінің бір докторанты Қазан мемлекеттік медицина университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті», – деді ҚазҰУ университетінің басшысы.

Кездесу барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ РФ жетекші университеттерімен инженерлік ғылымдар мен технологиялар, медицина, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар салаларындағы мамандарды бірлесіп даярлауға әзір екендігін атап өтті.

Өз кезегінде Қазан (Еділ маңы) федералды университетінің білім беру қызметі жөніндегі проректоры, Н.И.Лобачевский атындағы Математика және механика институтының директоры Екатерина Турилова ҚазҰУ басшылығына уақыт бөліп жылы қарсы алға алғысын білдіріп, ҚФУ университетінің мақсаттары мен міндеттері және қызметі туралы баяндап берді. Келіссөздер барысында тараптар пікір алмасып, өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Қорытындылай келе, тараптар академиялық ұтқырлық бағдарламасын жандандыру, сондай-ақ PhD докторанттарға дәріс оқу және ғылыми жетекшілік ету үшін жетекші ғалымдармен алмасуға келісті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің баспасөз қызметі