Қазақстанда алғаш рет магистранттар мен докторанттар арасында деректермен жұмыс істеу бойынша конкурс өтеді

18 қазан, 2022

Ұлттық статистика бюросы мен ҚР Ұлттық банкінің төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығы деректермен жұмыс істеу бойынша «Qazdatathon» конкурсы өткізілетіні туралы хабарлайды.

Конкурсқа Қазақстан жоғары оқу орындарының магистратура және докторантура бағдарламаларының білім алушылары қатыса алады. Ол үшін экономикалық теорияны, бағдарламалау тілдерін түсінетін, статистикалық қосымшалармен жұмыс істеу дағдылары бар 2-5 адамнан (математика, статистика мамандары, экономистер, data scientist-тер) тұратын командалар құру қажет. Бір ЖОО-дан бірнеше команда қатыса алады, олардың саны шектелмейді. Айта кету керек, конкурсқа ұйымдастырушылар мен серіктестердің мекемелерінде және ведомстволық бағынысты ұйымдарда жұмыс істейтін адамдар қатыса алмайды.

Конкурс қатысушыларына шынайы деректер негізінде жасалған синтетикалық (жасанды) деректер ұсынылатын болады. Бұл командаларға бастапқы деректер негізінде жасалатын жобадағыдай, шындыққа жақын шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

«Бұл байқауды өткізу арқылы біз жаңа дарынды жастарды тауып, оларды әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешетін командаларға біріктіреміз деп үміттенеміз. Біз деректерді басқару мәдениетін ілгерілетуге өз үлесімізді қосып, сондай-ақ деректерге негізделген шешімдер қабылдаудың пәрменді тәжірибелерін әзірлегіміз келеді. Қатысушылар ұсынған жобалар белгілі бір әлеуметтік-экономикалық қиындықтарды шешуі керек. Біз экономистердің ғана емес, сондай-ақ өзге ұқсас салалардан барлық маманның қатысуын күтеміз», – деді ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов.

Мұнда ұлттық және халықаралық деңгейдегі мамандар, Президенттік кадр резервінің резервшілері және т.б. қатысушы командалардың менторы бола алады.

Конкурсқа қатысу үшін өтінімді белгіленген нысанға сәйкес толтыру қажет. Барлық ереже datathon.kz сайтында орналастырылған.

«Datathon белгілі бір әлеуметтік-экономикалық сын-қатерлерді шешуден басқа, data driven шешімдерін қабылдау үшін деректерді басқару және талдау мәдениетінің негізін қалауға, осы дискурстың айналасында қауымдастық құруға арналған. Конкурсқа қатысушылар деректермен жұмыс істеу бойынша баға жетпес тәжірибе жинауы, сондай-ақ синтетикалық деректерге қол жеткізу және командада жұмыс істеу арқасында кросс–функционалдық сараптаманы дамытуы тиіс», – дейді Төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығының бас экономисі Ислам Ержан.

Жеңімпаздар ұйымдастырушылар мекемелерінде тағылымдамадан өтіп, сондай-ақ серіктестердің бағалы сыйлықтарына ие болады. Жүлделі орындарға ие болған командалар нақты деректерді пайдалана отырып, жобаны іске асыру мүмкіндігін иеленеді, ал үздік жұмыс datathon.kz сайтында орналастырылады.