Гандидің философиялық ілімі насихатталды
Үндістан ұлттық-азаттық қозғалысының идеологі әрі жетекшілерінің бірі Мохандас Карамчанд Ганди «Зорлық – шын мәнiнде iшкi сезiм әлсiздiгінің белгiсi» дей келе, жек көрудi махаббатпен, жалғандықты шындықпен, зорлықты шыдамдылықпен жеңу керек деген ұстанымымен кейінгі ұрпаққа үлгі бола білген ерекше тұлға.
Махатма Ганди 30 жылдан аса өз философиясын уағыздап, соңында бүкіл әлемге зорлыққа қарсы саясатының тиімді екенін дәлелдеп, 1947 жылы Үндістан бейбіт жолмен Ұлыбританиядан тәуелсіздігін алды.
Махатма Гандидің философиялық ілімінен адам баласының қандай дін, қандай ел, қандай ұлттан болғанына қарамастан, бір-біріне өте ұқсас, қарапайым ғана пенде екенін және олардың қайғысы мен қуанышы, жеңісі мен жеңілісі, өкініші мен жетістігі, кемшілігі мен кемелдігі, жақсылығы мен жамандығы, бары мен жоғы, бір-бірімен өте ұқсастығы сипатталғанын байқауға болады. Жақсылықтың зұлымдыққа қарсы тұра алатынына түрткі болған тұлға Махатма Гандидің туған күнін үнді халқы ғана емес, дүниежүзі халықтары да мәңгі есте тұтып, жыл сайын 2 қазанда қайсар тұлғаны еске алу мақсатында әлем бойынша «Халықаралық зорлық-зомбылықсыз күні» ретінде атап өтеді.
Осыған орай, шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының үндітану бөлімі Үндістанның Алматыдағы консулдығының өкілдерімен бірлесе отырып, Алматыдағы Ганди саябағында М.Гандидің туған күніне арналған еске алу шарасын өткізді.
Ганди саябағында аталып өткен шара екі елдің Әнұранын орындаумен басталды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үндітану бөлімінің студенттері М.Гандидің «Әлемнің өзгеруін қаласаң, сол өзгерудің алғашқысы өзің бол» сынды бірнеше нақыл сөздерін оқыды. Шара барысында Үндістанның Алматыдағы өкілдігінің консулы Амит Кумар Мишра мырза сөз алып, қала қонақтары мен бүкіл үнді халқын атаулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Рухани-танымдық диалогті жүзеге асыруды мақсат еткен шара барысында үнді ұлтының біртуар данасы, саяси қайраткер Махатма Гандидің өмірі мен еңбектері туралы құнды ойлары айтылды.
Дариға КӨКЕЕВА,
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының меңгерушісі