Шаңырақтың берік болуы тәрбиеге байланысты
Отбасы мүшелері бір шаңырақ астында өмір сүріп қана қоймай, бақ пен шаттықты әрі сынақты бірге бөлісетіні белгілі. Осы орайда, биология және биотехнология факультетінің студенттерімен отбасы құндылықтарын талқылау арқылы қоғамдағы проблемалардың алдын алу жайлы ой тарқаттық.
Іс-шара барысында отбасы тәрбиесі мәселелерінің өзектілігі; әр адамның тұлға болып қалыптасуында отбасы рөлінің маңыздылығы; патриоттық көзқарасын дамыту; ұрпақтың адами тәрбиесінің тәжірибесін қалыптастыру; өз отбасының тарихын білу; сұранысты дамыту; балаларды моральдық тұрғыдан дамыту; адамгершілік тұрғыдан өзін-өзі қалыптастыру; өзінің іс-әрекетіне анализ жасау; өзін-өзі тәрбиелеу; патриоттық және азаматтық тәрбиені дамыту жайлы тақырыптар кең қамтылды. Іс-шараға факультет деканы Заядан Болатхан қатысып, өз пікірін білдіріп, студенттерге жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.
Отбасы жайлы ата-бабаларымыз айтқан «Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген сөз рас. Түсініспеушіліктер себебімен қаншама жанұя отбасылық керуенді сүйрей алмай, жарты жолдан екіге айырылып жатқаны өкінішті. Соның нәтижесінде елімізде жетім балалар саны да көбеюде. Жетім балалар мен жалғызбасты әйелдерді азайту үшін отбасылық құндылықтардың рөлі өте маңызды. Отбасының беріктігі, шаңырақтың биіктігі, керегеміздің кең, балаларымыздың бақытты ғұмыр кешуі отбасы құндылықтарына тікелей байланысты.
Отбасы құндылықтарына ұлттық бала тәрбиесі, ата-анаға құрмет, ата-ананың балаға деген мейірім-махаббаты, сыйластық, әдептілік пен сыпайылық қасиеттері жатады. Ең алдымен отбасы мүшелерінің тәрбиесі ата-ананың міндеті болып табылады. Ата-ана тәрбиесі дұрыс әрі нақты болса, құрылған шаңырақ та биік және берік болмақ. Жаңадан құрылған жас отбасылар ең бірінші ата дәстүрімізді сақтап, салтымызды түгел білгені абзал. Себебі салт-дәстүрімізде ата-ананы сыйлау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету басты негізге алынған. Осындай тәрбиенің қайнар көзі – ата-әжелеріміз, яғни қазыналы қарттарымыз. Ақсақал мен кейуана – ақылдың көзі, шаңырақ берекесі, отбасы тыныштығын бір қалыпта ұстап отыратын ұйытқының бастауы.
«Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген мақалға сүйенсек, ата-әжесін ата-анасы қалай құрметтеп, қалай бағып-қақса, сол ата-ананың балалары да өз ата-анасына солайша қарым-қатынас жасайды. Отбасылық құндылықтарды білмейтін және білгісі келмейтін қоғам мүшелерінің бар екенін жасыра алмаймыз.
Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті біз отбасын Отанның кішкентай бір бөлшегі ретінде қарастырамыз.
«Өз үйім – өлең төсегім» деп қазақ даналығында айтылғандай, отбасы әрқашан жанға жайлы болады. Сол себепті әр адам өз отбасын сыйлап, құрметтей білуі шарт. Қазіргі кезде көп жастар шетелдерде оқып, сол жақта біржолата қалып қойғаны қынжылтады. Отбасын қалай қадірлесек, дәл солай Отанды да қастер тұту – парызымыз.
Нағима СЕЙДАЛИЕВА,
Биофизика, биомедицина және нейроғылым
кафедрасының оқытушысы
Гаухар БАҚТИЯРОВА,
Биоалуантүрлілік және биоресурстар
кафедрасының аға оқытушысы