Сайлауалды штаб жұмысы жалғасуда

28 қазан, 2022

Бүгін ҚР президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Алматы қалалық қоғамдық штабының үгіт-насихат жұмысы Қазақ қатынас жолдары университетінде жалғасты.


Сенім білдірген өкілдер оқытушы-профессорлар қауымы мен білім алушы жастар алдында кандидаттың сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Кездесуге онлайн және офлайн форматта 600-ге жуық адам қатысты.

Жүздесуде Алматы қалалық штабының төрағасы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына тоқталды. Ондағы білім, ғылым, әлеуметтік сала және «әділетті мемлекет – әділетті экономика – әділетті қоғам» құру бойынша кандидат ұсынған басты мәселелерді талдады.

«Ең басты қадам – азаматтық көзқарасымызды білдіріп, 20 қараша күні сайлауға белсене қатысу. Ертеңгі болашағымыз үшін таңдау жасау, әсіресе қазіргі күрделі кезеңде үлкен маңызға ие. Одан соң мемлекеттің мықты болуы әрқайсымыздың ерінбей еңбек етуімізге, кәсіби біліктілігімізге тікелей байланысты. Талмай ізденіп, ел мүддесі үшін қызмет етуіміз қажет. Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлауалды бағдарламасында да ең басты мақсат – еркін әрі әділетті қоғам құру», – деді Жансейіт Түймебаев.


Сондай-ақ насихатшылар тобы қоғамдық штаб жұмысының міндеттері жайлы айтып, жиылғандарды әділетті Қазақстан идеясы төңірегінде бірігуге шақырды.

 

 

 


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі