30 жылды артқа тастап, курстас-достар кездесті
Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде заң факультетінен осыдан 30 жыл бұрын түлеп ұшқан, бүгінгі заң саласындағы белгілі тұлғалардың кездесуі өтті.
Кездесуді қазіргі заң факукльтетінің деканы Дәулет Байдельдинов бастап, барша жиналған курстас достарды басқасуға арнайы келгендеріне алғысын білдірді.
Сондай-ақ, сол кездегі ұстаздары, (қазірде ҚазҰУ-дың құрметті профессоры) Сұлтан Сартаев, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік унивесритетінің ректоры Әбдіманап Бектұрғанов, ҚазҰУ ректор аппарының жетекшісі Қайрат Жүсіповтер және т.б. сөз берілді. «30 жылдан соң университет қабырғасында жиналып отырған жиындарыңызбен құттықтаймын. Бірге оқыған адамдар, жүздесіп, арнайы кездесіп тұрған да жақсы. Бізде де осындай кездесулер болатын. Сіздер алғашқы жаңа өсіп келе жатқан өсімдік сияқты едіңіздер, енді міне, өмірде өз орындарыңызды тауып, мақсаттарыңызға жетіп, бала тәрбиелеп отырған ата-анасыздар. Сіздер өсіңіздер, өніңіздер, артта келе жатқан жастар сіздерге қарап бой түзесін», - деп, «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, Сұлтан Сартаев өзінің шәкірттерін көріп, шын көңілден ақ тілектерін айтып, сағынышын білдіріп, сөз арасында өлең шумақтарымен өз ойын, ақыл, кеңесін білдіріп жатты. Ұстаздарының сөзін шәкірттері де ұйып отырып тыңдады. Студенттер аудиторияда сабаққа жиналғанда бір-біріне менің қасыма отыр деп жатады, дәл солай бүгінде елуді еңселеген азаматтар ҚазҰУ-дың мәжіліс залына келгенде бір-бірімен қуанышты көңіл-күймен қауышып жатты.
1981 жылы жас маман атанған түлектер, бүгін нағыз заңгер-мамандар. Бұл кездесу курстастардың өзара құрмет, сыйластығының көрінісі. Осы дәстүр келер ұрпаққа да үлгі болар деп сенеміз.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі.