Жастарға саяси науқанның маңызы түсіндірілді

28 қазан, 2022

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ҚР президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Алматы қоғамдық штабы жұмысының аясында қала жастарымен кездесті.

Alatau Creative Hub инновациялық орталығында еркін форматта өткен жүздесуге Алматыдағы жоғары оқу орындарының студенттері мен түрлі жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.


Алматы қалалық қоғамдық штаб төрағасы Жансейіт Түймебаев жастарға алдымен саяси науқанның маңызын кеңінен түсіндірді.

Сонымен қатар ҚР президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында айтылған басты бағыттарға тоқталды. Онда экономика, әлеуметтік сала және аймақтық саясат бойынша түбегейлі өзгерістер қарастырылғанын жеткізді. Жиылған жастарды ел болашағына бейжай қарамай, ҚР Президенті ұстанған әділетті Қазақстанды бастамасын қолдауға және оны құруға өзіндік үлес қосуға шақырды.

«Кез келген мемлекетте басты ұстаным – патриотизм. Бұл мен өз мемлекетімді, елімді, жерімді қорғаймын деген сезім. «Бар қазақ – бір қазақ» деген ұранымыз бар. Ертең оқу бітіріп, маман атанып, жұмыс істейсіздер. Сол кезде қандай қоғамда өмір сүруді қалайсыздар – таңдауды бүгін жасауға тиіссіздер», – деді Жансейіт Түймебаев.

Қалалық штаб төрағасы әлемдегі шиеленіскен жағдайлардан мысал келтіре отырып, мемлекетті қорғау және оның кемелді келешегін ойлау жастарға міндет екенін қадап айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев басшылық еткен үш жылда елімізде орын алған көптеген оң өзгерістерді атап өтіп, алдағы «Әділетті мемлекет – әділетті экономика – әділетті қоғам» қағидасына сүйенген жаңа мемлекеттік саясаттың мәні мен маңызын түсіндірді.

Сондай-ақ кездесуде Жансейіт Түймебаев бастаған штаб өкілдері жастардың талап-тілектерін тыңдап, толғандырған сұрақтарына жауап берді.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі