Жапон университетінде оқу барысында жинаған құнды тәжірибем
Бәріне сәлем! Әлемде Жапонияға баруды армандап, күншығыс елінде оқуды мақсат етіп қойған адамдар күннен-күнге көбейіп жатқанына күмәнім жоқ. Табиғаты мен мәдениеті ұзын-ұзын ғимараттармен бірге ұласқан, әлемдегі ең дамыған елдердің біріне бару – неткен керемет арман десеңізші. Жапонияда оқуды 12 жастан бастап аңсап келдім. Жапонияның мәдениеті мен эстетикасы іштей мені әрқашан шабыттандырды. Сөйтіп, мектеп бітірісімен «арманымды орындаймын» деп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетіне түстім. Бұндай шешім қабылдағаныма қазір өте қуаныштымын. Университетке түскенде, өзімнің көзқарасыма, дүниетанымына сай келетін достарымды кездестіріп, ақыры Жапонияға да баруға мүмкіндік туды.
Мен Канадзава университетіне оқуға МЕХТ бағдарламасы арқылы түстім. МЕХТ - Жапония елшілігінің ұсынысы бойынша таңдалған жоғары оқу орындарында оқитын халықаралық студенттерге қолдау көрсететін жапон үкіметінің шәкіртақысы. Ол екі жаққа ұшып келуге кететін қаражат, Жапониядағы тұрмыс-тіршілікке қажет болатын ақшалай соманы қамтитын өте көлемді шәкіртақы болып табылады.
Шет елде оқу адамның ой-өрісінің дамып, ішкі дүниесінің баюына ғана себеп болмайды. «Осындай өмір бар екен ғой, осылай өмір сүруге болады екен ғой» деген ойлардан бастап, жапондықтардың күнделікті тіршілігіне қарап,талай нәрсені үйренуге болады.
Канадзава университетіне келер болсақ, мен аталған оқу орнын өте ұнаттым және бұл ЖОО-ға қатысты айтарым көп. Жалпы Канадзава қаласы - Жапонияның Хонсю аралында орналасқан Исикава префектурасының астанасы. Ол өзінің жақсы сақталған Эдо кезеңінің аудандарымен, өнер мұражайларымен және дәстүрлі қолөнер бұйымдарымен танымал. Сонымен бірге, биік таулар мен Сакура астындағы шылдырлаған бұлақтарымен танымал. Канадзава Жапон теңізінің қасында орналасқан, табиғаты және климатымен Алматыға ұқсайды. Университет кампусы – өте үлкен, қаланың ортылығынан алшақтау орманды жерде орналасқан. Жатақханада тұрып, терезе аша салысымен түрлі құстар мен жануарларды көруге болады. Үйректердің даусымен оянып, далада «аюлардан абайлаңыз» деген хабарламаны көріп, дүкенге барар жолда тасбақаны кездестіруге болады. Керек-жарақ заттарды алу үшін жақын арада сауда орталығы да бар.
Канадзава университетінің оқытушылары - өте мейірімді, әр уақыт көмектесуге дайын жоғары білікті мамандар. Әсіресе, Ямамото сенсейге алғысым шексіз. Ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Бірер айдың ішінде өзімді өз қаламда жүргенімдей сезіндім. Бағдарлама бойынша бірге оқыған шетелдік студенттер да қайырымды, ақ жарқын адамдар болып шықты. Әлемнің түкпір-түкперінен болсақ да, бір-бірімізге ұқсаймыз. Көп қызықты кездерді бірге өткізіп, қатты бауыр басып қалдық. Әркім өз елінің ұлттық ерекшеліктері мен мәдениетін өзге студенттерге көрсете білді. Мен де Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін барша шетелдік достарыма таныстыруға тырыстым. ҚазҰУ студенттерімен арнайы кездесіп, Жапонияның бірнеше қалаларына бірге барып, саяхаттадық. Шинкансэн поезімен бір қаладан екінші қалаға бірер сағатта жетудің өзі неткен ғанибет!
Қорыта келгенде, Жапонияда оқуға мүмкіндігіне иелену менің өміріме үлкен әсер етті. Менің әрі қарай дамуыма күшті серпіліс берді. Токио секілді үлкен мегаполиста болғанымда өзімді әлемнің дәл орталығында тұрғандай сезіндім. «Соншалықты көп адам ішінде, менің даусымның да маңыздылығы бар. Мен де осындай жақсы өмір кеше аламын» деген ойда қалдым. Болашақта Жапонияда оқып, кейін Қазақстанда сауда саласында қызмет етіп, өз елімде осы бағытты барынша дамытқым келеді. Осындай мүмкіндікке ие болғаным үшін жаратқанға шүкіршілік етіп, ҚазҰУ және Жапония университетінің оқытушыларына шынайы алғысымды білдіремін! Еңбектеніп, қиыншылықтырға төтеп бере алсаңыз, арманыңыз міндетті түрде орындалады екен!