Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультеті үшін тарихи сәт. Тамыры терең 5 жатақхана күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, өз студенттерімен қауышты.
Салтанатты ашылу сәтін өз сөзімен университетіміздің ректоры - Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев ашып берді. Журналистика факультетінің деканы - Нұржан Қуантайұлы студенттерге жүрекжарды тілегін жеткізді.
Ашылу сәтінің барысында, танымал журналист, университет түлегі - Серік Жанболат студенттерді жаңа қонысымен құттықтап, киелі мекенге табан тірегендеріне шын жүректен қуанышты екенін жеткізді. Бұл киелі мекеннен ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал журналистер, ақын-жазушылар, өнер адамдары шыққанын сөзінде баса айтты.
Тарихи сәтте 1 курс студенті жас ақын, журналистика мамандығы бойынша білім алып жүрген - Бексұлтан Дарын барша келген қонақтарға жырдан шашу шашты.
Бұл айтулы сәттен телеарна тілшілері де қапы қалмады. Айта кететін болсам, "Qazaqstan" ұлттық арнасы, "31 kz", "Atameken business" каналы, "Almaty tv" тілшілері өз жұмыстарын қарқынды түрде атқарып, студенттерден де сұхбат алды.
Айта кету керек, киелі мекеннен - Несіпбек Айтұлы, Күләш Ахметова, Ұлықбек Есдәулетов, Есенғали Раушанов, Марфуға Айтқожина, Намазалы Омашев, Нұртөре Жүсіп, Барманбекова Гүлмария, Жүсіпбек Қорғасбек, Бауыржан Жақып, Сәуле Жиреншина, Ертай Айғалиұлы, Құлтілеу Мұқаш, Марат Тоқашбаев, Дархан Мыңбай, Бақыт Жағыпарұлы, Болатбек Төлепберген, Оразәлі Баймұрат, Гүлнұр Мамасарипова, Гүлмира Нәлібай, Рая Ескендір, Жұлдыз Әбділда, Роза Әлқожа, Нартай Өтепберген сынды танымал тұлғалар түлеп ұшқан.
Жатақхана дәуренінің танымалдығы сонша, махаббат хикаялары, Абай Аймағамбеттің "Бесінші жатақхана" атты кітабы жарық көрген.
Шара соңында, түлеп ұшқан түлектер ақжарма лебіздерін білдіріп, студенттерге алдағы уақытта шығармашылық табыстар тілесе, факультет ұйымдастыруымен арнайы студенттерге палау таратылды.
Нұрай БАҚБЕРГЕН
Кино&Медиа мамандығының 1 курс студенті
Жетекшісі: аға оқытушы, куратор Н.Б. Рушанова