Мәжіліс депутаттары мен бас редакторлар №5 жатақхананы аралады
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының кеңесшісі Бибігүл Жексенбай, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, «Қазақ газеттері» ЖШС басшысы Шәмшидин Пәттеев, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Қайнар Олжай, Нұржан Жалауқызы және т.б. танымал бас редакторлар жуырда күрделі жөндеуден өткен №5 жатақханаға арнайы барып, тыныс-тіршілігімен танысты.
Қайта жаңартылған студенттер үйінде бүгінде журналистика факультетінің білім алушы жастары тұрады. Жөндеу кезінде ғимараттың сыртқы қасбеті жаңартылып, барлық бөлменің қабырғалары қайта сыланып, әрленді.
Есік-терезе, еден төсеніштері мен жиһаздар сатып алынды. Сонымен қатар электр жүйесі қайта жүргізіліп, жарық беруші шамдар жаңадан орнатылды. Әр секцияға заманауи душ кабиналары қойылып, санитарлық-техникалық жабдықтар ауыстырылды. Бұған қосымша, ғимараттың cу құбыры мен кәріз жүйесі монтаждалды.
Құрметті меймандар қалашықта өткен қызықты студенттік күндерді еске алып, өздері тұрған бөлмелерін көріп, ерекше әсер алды.
Кешегі университет түлектері, бүгінде елге қызмет етіп жүрген тұлға азаматтар ҚазҰУ басшылығына, білім алушы жастарға табыс тіледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі