«ҚазАқпарат» Ұлттық ақпарат агенттігі

12 қазан, 2011

ҚазҰУ-дың проректоры Евгений Ан Корея Республикасының мемлекеттік марапатына ие болды

АЛМАТЫ. 12 қазан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры Евгений Анға Корея Республикасының мемлекеттік марапаты тапсырылды, деп хабарлады аталған универсиитеттің баспасөз қызметі.

Жапония, Қытай, АҚШ, Канада және әлемнің басқа да елдері бойынша марапатқа ие болған 11 қуаныш иегерінің арасында, Е.Ан - Қазақстан бойынша ғана емес, ТМД елдері бойынша жалғыз өкіл.

Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, кеңейтуге қосқан үлесі үшін марапатты Корея Республикасының Премьер-министрі Ким Хван Сик Сеул қаласында арнайы табыс етті.

Марапатты табыстау барысында, Е.Ан қазақстандық және оңтүстік кореялық компаниялардың бірлескен жобаларының жүзеге асуына ерекше ықпал етіп жүргендігі ерекше аталды. Мәселен, 2010 жылы Өскеменде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің қатысуымен «Prima-Zodiak» мәдени-сауықтыру кешені ашылды. Сондай-ақ ол POSCO, TAWON Сoppar және тағы да басқа компаниялардың жобаларына кеңес айтып, Қазақстандағы Кәрістер қауымдастығының мәдени шаралар өткізуіне қолдау танытып келеді.

ҚазҰУ-да университеттің инновациялық инфрақұрылымын стратегиялық дамыту жоспарына сай оның қатысуымен оңтүстік кореялық «Blue Cop Security & System» компаниясымен бірлесіп көпфункциональды электронды интерактивті тақта жасау инновациялық жобасы іске асуда.

ҚазҰУ мен Оңтүстік Корея жоғары оқу орындары арасында әріптестік өте қарқынды дамыған. Корё университетімен медициналық-биологиялық кластерін жүзеге асыру жобасы басталды. Кампус аумағында көлемі 56 мың шаршы метрден асатын, Алматы қаласындағы студенттер мен оқытушыларға заманауи қызмет көрсететін, ғылыми-зерттеу зертханасы бар, қажетті инфрақұрылым болып табылатын медициналық орталықтың құрылысы жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру үшін 152 млн. АҚШ долларынан астам инвестиция қарастырылған.

«Бұл көрсеткіш университеттің бүкіл ұжымының зор үлесі мен сүбелі еңбегінің жемісі, барлық ұжымның жұмысына деген жоғары марапат. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай және Қазақстандағы Корея Республикасының жылы мерекесіне сай келген кезеңде айтулы марапатқа ие болуым, оның маңызын екі есе арттырып отыр», - дейді Евгений Ан.

Е.Ан экономика ғылымдарының кандидаты, мемлекеттік органдарда басшылық қызметте және бизнес-құрылымда үлкен тәжірибесі бар. Халықаралық тауар өндірушілер одағы басқармасының мүшесі, «Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамытуға қосқан зор үлесі үшін» А.Н.Косыгин атындағы сыйлықтың лауреаты.