«ҚазАқпарат» ұлттық ақпарат агенттігі
Белгілі фольклортанушы ғалым Сұлтанғали Садырбаев 80 жасқа толды
АЛМАТЫ. 12 қазан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Кеше филология ғылымының докторы, белгілі фольклортанушы ғалым, педагог Сұлтанғали Садырбаевтың 80 жасқа толған мерейтойы Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филормониясында атап өтілді.
1951 жылы С. Киров атындағы Қазақ университетінің филология факультетінің 1 курс студенті С.Садырбаев ұлы классик М.Әуезовтің «Ақындар ағасы» романы бойынша оқырмандар конференциясында баяндама жасап, суреткердің алғысын алған. 1955 жылы «Абайдың эстетикасы» атты диплом жұмысына академик М.Әуезовтің жетекші болуы да білімді шәкіртінің дарындылығын, ғылымға бейімділігін танығандығы еді. Академик жазушының шапағаты болар, фольклор саласында кандидаттық, докторлық диссертациясын табысты қорғады.
Фольклортанушы ғалымның түлеп ұшқан университетінде ұстаздық қызметіне де 40 жыл толып отыр. Оның «Фольклор және эстетика», «Халық әдебиетінің тарихы негіздері», «Жамбыл және фольклор» атты монографиялары мен «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», «Қазақ халық әдебиеті» оқу құралдары бар. Кезінде Жамбыл Жабаевтың мұражайын жабу жөнінде теріс пікірлерге 1956 жылы «Лениншіл жаста» «Жамбыл мұраларын қастерлей білейік» атты өткір мақаласы тосқауыл қойды. «Сөздің пірі -Сүйінбай», «Жамбыл: адамзаттың ұлы жыршысы», «Қарасай батыр» деректі фильмінің сценарийін жазды. «Жамбылдың жастық шағы» фильмінің ғылыми кеңесшісі болды.
Белгілі педагог- ғалымның мерейтойын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Бірінші проректоры химия ғылымдарының докторы, профессор Мұқамбетқали Бүркітбаев ашып, ғылыми және ұстаздық ерен қызметін атап өтті. Иығына шапан жауып, ескертіш сыйлық тапсырды.
Мерейтойлық кеш Қазақ мемлекеттік филармониясының әншілері және Б.Байқадамов атындағы мемлекетік хор капелласының қатысуындағы концертке ұласты.