ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ САЯСИ ЖАҢҒЫРУЫ

10 қараша, 2022

Аталған іс-шараға еліміздің белгілі ғалымдары, саясаткерлер және ғылыми-академиялық ортаның өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Қазақстандық гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының Президенті, саяси ғылымдарының докторы, профессор Е.К.Алияров, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының проректоры, саяси ғылымдарының докторы Ш.А.Әмірбеков, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының кеңесшісі, саяси ғылымдарының докторы С.М.Борбасов, «Альтернатива» актуалды зерттеулер Орталығының директоры, саяси ғылымдарының кандидаты А.Е.Чеботарев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Б.Кәрібаев. Сондай-ақ, философия және саясаттану факультетінің профессорлық-оқытушылар құрамы, магистранттар мен докторанттар, студент -жастар және т.б.

Дөңгелек үстел отырысын ашқан Философия және саясаттану факультетінің деканы Мейрбаев Бекжан Берікбайұлы аталған іс-шараның жалпы халықтық, саяси-қоғамдық ортадағы маңыздылығын атап өтті. Бүгінгі күннің өзектілігіне айналып отырған жаһандану жолындағы Қазақстанның саяси тұрғыда жаңғыру мәселелері, ұлттық сана мен ұлттық ізденістер және шешімдерді оңтайландырудағы саяси ұтқырлық бағыттары талқыланатынын сөз етті.

Жалпы дөңгелек үстел жұмысы негізгі үш бөлімді қамтыды: спикерлердің жарыссөзі, пікірталас және іс-шара аясында жаңа «Саясаттану» оқу құралының тұсаукесері және таныстырылымы.

Іс-шараның алғашқы бөлімінде спикерлердің жарыссөзі өтті. Спикерлер ортаға кәзіргі мемлекеттегі саяси мәселелер төңірегінде тақырыптарды қозғады. Жаһандану жағдайындағы Қазақстанның саяси жаңғыруының тарихи сипатын, мемлекеттің біртұтастығын нығайту жолдарын, саяси мәдениетті көтерудің амалдарын атап өтті. Сонымен қатар, спикерлер өз сөздерінде мемлекетімізде өткелі жатқан сайлаудың маңыздылығын нақтылап, сын-тегеуріндері мен мүмкіндіктерін айшықтай келе, жастарды өз дауыстарын беруге шақырды.

Дөңгелек үстел аясында , с.ғ.д., профессор С.Ш.Мұсатаев пен с.ғ.к., доцент Е.Т.Іңкәрбаевтың авторлығымен жарық көрген «Саясаттану» оқу құралының ресми түрде тұсаукесері жүргізілді. Оқу құралының тұсауын кесу мәртебесіне ие болған саяси ғылымдарының докторлары, профессор С.М. Борбасов пен профессор Е.К.Алияров студент жастарға қазақ тілінде шыққан еңбектің маңыздылығын атады.

Оқу құралының авторларын арнайы құттықтау үшін Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдарының докторы Ж.Қ.Симтиков, «Тұран» университеті, «Аймақтану және халықаралық қатынастар» кафедрасының меңгерушісі PhD докторы Ж.М. Төлен, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті «Аймақтану» кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Н.Ә.Муминов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Е.Н.Ноянов және бірқатар шәкірттері келді.

Іс-шара соңында философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Берікбайұлы Мейрбаев «Жаһандану жағдайындағы Қазақстанның саяси жаңғыруы» тақырыбындағы дөңгелек үстел жұмысын қорытындылады. Спикерлерге, қатысушыларға және арнайы әл-Фараби кітапханасының басшыларына қолдау көрсетіп, ұйымдастыру жұмысына атсалысқандарына алғыс білдірді.