«ҚазАқпарат» Ұлттық ақпарат агенттігі
13.10.2011 / 16:39
Қазақ тілінің көсегесін жастар көгертеді
АЛМАТЫ. 13 қазан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Ұлттық болмысты сақтап қалу үшін әркім өзінің тарихымен тәрбиеленуі керек. Өзінің ұлттық мәдениетімен, құндылықтарымен мақтануы қажет.
Бұл жайында жазушы-журналист Бейбіт Қойшыбаев ҚазҰУ студенттерімен кездесу барысында айтты.
Елбасы өз Жолдауында Қазақстан тұрғындарына қазақ тілін меңгерудің сапасын арттыруды талап етіп отырған тұста сол талап үдесінен шығуды оңтайландыруда жастар да қалыс қалмауы қажет. Осы бағытта бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жастардың рухани орталығында қоғамдағы мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты арнайы алқасөз өтті. Басқосуға студенттер, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
«Қазақ тілі дамыған тіл, алдымыздағы міндет оның аясын кеңейтіп, қажеттілігін арттыру. Бұл олқылықтардың орнын тек жастарымыздың бойындағы ұлтқа деген сүйіспеншілік, тілге деген құрмет қана толтыра алады», - дейді студенттермен қазақ тілінің құдіретін бөлісе келген Б.Қойшыбаев.
Сонымен қатар ол, ана тілінің құдіретін арттыра түсу үшін күнделікті қолданыста қазақша сөйлеп, ана тілінде тіл қатуға шақырды. Ал жазушы, академик, қоғам қайраткері Молдағали Матқан: «Қазақ халқында ешбір ұлтта жоқ ұлылық бар. Біздер, әсіресе мына отырған жастар, сол ұлылықты айналымға енгізіп, ұлттың ұлылығын ұлықтай білуі міндет. Ұлт болмаса маманның да қажеті жоқ», - деп пікір білдіріп, студенттер бір жақты маманданып қоймай ұлт болашағы үшін, зиялылықтың маңызын түсінуге, ұлт зиялысы болып қалыптасуға бүгіннен кірісуге шақырды.
Пікір алмасу түрінде өткен басқосу «Мемлекеттік тіл - этностарды ұйыстырушы фактор» және «Қазақ бренді: ұлтаралық татулық» деген өзекті тақырыптар төңірегінде сөз қозғады.