14 қазанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия баяндамасының тұсаукесері болады

13 қазан, 2011

11.00-де ректораттың мәжіліс залында (15 қабат) өтеді. Елбасының, адам құқықтары жөніндегі халықаралық және ұлттық сарапшылардың оң бағасын алған баяндама Ұлыбританияның Қазақстандағы және Қырғызстандағы Елшілігінің, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы орталығының техникалық жәрдемімен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жеке таралыммен кітап ретінде басылып шыққан. Комиссия баяндамасы Варшавада адам құқықтары жөнінде өтетін жылсайынғы ЕҚЫҰ/БДИПЧ мәжілісінде сәтті ұсынылды.

Тұсаукесерде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Сағынбек Тұрсынов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы орталығы басшысының орынбасары Жаннет Клётцер ханым, Ұлыбританияның Алматы қаласындағы Бас консулы Стивен Хиклинг мырза сөз алады.

Баяндаманың тұсаукесер рәсіміне ҚазҰУ-дың студенттері мен оқытушылары, мемлекеттік органдар, еліміздің құқық қорғау үкіметтік емес ұйымдары, Қазақстанда аккредитацияланған халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, адвокатура, нотариат, білім және ғылым ұйымдары, мәдениет, бизнес және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады.

Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшелері Тастемір Әбішев, Виталий Воронов және Герман Нұрбаев, сонымен қатар Комиссия сарапшылары Салтанат Байқошқарова мен Лейла Байшиналар өз баяндамаларын ұсынады.

Комиссия баяндамасында ұлттық заңнаманың салыстырмалы талдауы, мемлекеттік органдар қызметінің бағасы, құқықтық саясат, ұлттық заңнама және құқық қолдану практикасын Қазақстан ратификациялаған адам құқықтары саласындағы халықаралық пактілер мен конвенциялар нормаларына сәйкес одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсынымдар мен нақты іс-шаралары қаралады.

Тұсаукесерде сөз алушылар Қазақстанның ОБСЕ-ге төрағалық ету жылындағы адам құқықтарына баға береді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі