Жастар Президент сеніміне лайық
Қазақстан Президенті еліміздегі ең ірі мегаполиске сапарында қала жұртшылығымен арнайы кездесіп, Алматының ел тарихында айрықша орны бар екенін атап өтті.
Бұл жиында тұрғындарды, әсіресе жастарды баспанамен қамтамасыз ету жайы да қозғалды. Еліміздегі ең үлкен қалада баспана мәселесін шешу жайы қашанда күрделі. Әкімдік жалға берілетін тұрғын үй салу үшін инвесторларға тартымды болатын тиімді тәсілдер ойластыруға тиіс екені ескертілді. Келесі жылдан бастап тұрғын үй құрылысын жыл сайын 10 пайызға арттыру қажет екені айтылды.
Президент Алматы қаласын дамытуға қатысты мәселелердің үнемі бақылауда екенін атап өтіп, қала жұртшылығын алдағы мақсаттарды бірлесіп іске асыруға шақырды. Ал студенттермен және жас ғалымдармен кездесуінде мемлекет дамуына жастардың қосатын үлесі және Әділетті Қазақстандағы жастар саясатын жетілдіру жөніндегі пайымдарымен бөлісті.
Мемлекет басшысы баяндамасында бұған дейін негізінен еліміздің қазба байлықтарына, мұнай қорына арқа сүйеп келсек, енді заманның, уақыттың ыңғайына қарай адам капиталының маңызы артқан дәуірге қадам басқанымызға тоқталды.
Сондай-ақ алдағы уақытта білім культке айналып, техникалық мамандықтарға бәсекелестік артатынын жеткізді. Қазіргі таңдағы басы ашық мәселе – еліміздің ең ірі мегаполисінде 37 мың студентке жатақхана жетіспейтінін, тұрғын жай тапшылығын жою үшін тың тәсілдер әзірленетінін атап өтті. Бұл жаңалықты кездесуге барған шәкірттеріміз де, оқытушыларымыз да қуана қабылдады. Өйткені Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті маусым айында оқу орнына ресми сапармен келген Президентке қалашық құрылысының ІІ кезеңін салу жоспарын таныстырған еді. Даму жоспары бойынша кампус аумағында оқу корпустары, қызметтік тұрғын үй, жатақханалар салу көзделіп отыр.
Әзірге қалашық аумағындағы жатақханаларды кеңейту арқылы орын санын көбейтуді қарастырып отырмыз. Жақында №5 және №10 жатақхана күрделі жөндеуден өтіп, студенттер игілігіне берілді. №10 жатақхананың ашылуына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы қатысты. Бұл жатақханаларды жөндеу жұмыстары барысында тұрғын жай кеңейтіліп, әр бөлмеге қосымша бір төсектен қойылды. Осы тәсіл арқылы алдағы уақытта жатақханалардағы орын санын 2 мыңға арттыру ниетіміз бар.
Президент атап өткендей, шетелдік жетекші университеттермен академиялық ынтымақтастығымыз да нығая түсті. Мемлекет басшысының қолдауымен ҚазҰУ базасында МИФИ (Мәскеу инженерлік-физикалық институты) Ұлттық зерттеу ядролық университеті филиалы ашылды. Сондай-ақ биыл білім ордасының Ыстанбұл мен Бішкектегі филиалдары жұмыс істей бастады.
Мемлекет басшысы келер жылдың 1 шілдесінен бастап оқытушылардың, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарындағы ғалымдардың еңбекақысын ұлғайту механизмдерін пысықтауды тапсырды. Қазіргі таңда QS әлемдік рейтингінде 150-орынға көтерілген ұлттық университетте оқытушы-профессорлар құрамының жалақысы айтарлықтай өсті. 2021-2022 оқу жылынан бастап оқытушы жалақысы – 38, аға оқытушынікі – 75, доценттікі – 88, профессордың жалақысы 163 пайызға артты. Бүгінде оқытушы – 200 мың, аға оқытушы – 280 мың, доцент – 330 мың, профессор 500 мың теңге жалақы алады.
Президент кездесу қорытындысында «Біздің студенттеріміз бен жас ғалымдарымыз еліміздегі реформаларға қолдау білдіріп, өзгерістерге сенетіні сөзсіз. Біз бұл өзгерістердің бәрін еліміздің келешегі – бүгінгі және ертеңгі жастар үшін жасап отырмыз. Біз мемлекет пен қоғам дамуының жаңа бағыт-бағдарын тек бірге айқындай аламыз», деп, жас буын өкілдеріне ерекше үміт артты.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы-ректор