Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Wikistrat Global Consultancy компаниясының мемлекеттік қорғаныс жөніндегі сарапшысы Ричард Вайцпен кездесу өткізді.
Құрметті мейманды қарсы алған Жансейіт Түймебаев университеттің тарихы мен жетістіктері туралы баяндап, шетелдік жоғары оқу орындарымен жасалған келісімдер туралы айтып берді. Өз сөзінде білім ордасының басшысы жақында ҚазҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілгенін атап өтті.
Айта кетейік, Ричард Вайц – Гарвард және Оксфорд университеттерінің түлегі. Гудзон институтының әскери-саяси талдау орталығының аға ғылыми қызметкері және директоры болып қызмет атқарған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті АҚШ-тың алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен, институттарымен, зерттеу орталықтарымен, үкіметтік емес ұйымдарымен ынтымақтастық туралы 13-тен астам келісімге қол қойды. Атап айтқанда: Мичиган технологиялық университеті, Солтүстік-батыс политехникалық университеті, Вайоминг университеті, Скрантон университеті және т.б.
Сондай-ақ оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастардың халықаралық академиялық ұтқырлығы белсенді дамып келеді. Соңғы үш жылда Америка жоғары оқу орындарында бір бакалавр және 33 докторант тағылымдамадан өтті. Сонымен қатар ҚазҰУ-дың 32 оқытушысы ғылыми жобаларды жүзеге асыру мақсатында және халықаралық симпозиумдарға қатысу үшін АҚШ-қа арнайы барған болатын.
Қазіргі таңда ҚазҰУ-да АҚШ-тың 30 студенті оқиды. Жоғары оқу орнында шетелдік ғалымдар жұмыс істеуде. Соңғы екі жылда АҚШ-тан сегізге жуық сарапшы дәріс оқуға және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге шақырылды. Сонымен қатар әлемдік сарапшылар өз тәжірибелерімен бөлісу мақсатында ҚазҰУ-да көшбасшылық дәрістер өткізілді.
«Мәселен, қыркүйек айының соңында биология ғылымының докторы, Орегон ұлттық приматтарды зерттеу орталығы және АҚШ-тың Діңгекті жасушалар орталығының профессоры Шухрат Миталипов көшбасшылық дәріс оқыды. Ол – генетикалық ауруларды емдеуде әлемдегі жетекші ғалымдардың бірі. Осылайша біз сіз сияқты сарапшылармен ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға дайын екенімізді білдіреміз», – деді Жансейіт Түймебаев.
Өз кезегінде Wikistrat Global Consultancy компаниясының мемлекеттік қорғаныс жөніндегі сарапшысы Ричард Вайц ҚазҰУ басшылығына жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, серіктестікті одан әрі арттыруға дайын екенін жеткізді. Ол өз сөзінде халықаралық қауіпсіздік саласындағы студенттерге өзінің ғылыми жетекшілігін жалғастыратынын, ҚазҰУ сарапшыларымен бірлескен ғылыми еңбектерді дайындауға және жариялауға жәрдемдесетінін, жоғары рейтингті журналдарда талдамалық шолулар дайындайтынын хабарлады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі