ҚазҰУ мен ТүркПА ынтымақтастығы артуда
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА) өкілдерімен кездесті. Құрметті меймандар «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында болып, Әл-Фараби кітапханасының қызметімен, ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңінің жоспарымен танысты.
Жүздесуде тараптар ынтымақтастықты одан әрі арттыру, ауқымды жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Делегация құрамында Түркияның Бас ұлттық ассамблеясының депутаттары Режеп Шекер мен Юксель Озкан, Халықаралық қатынастар және хаттама департаментінің қызметкері Нури Айваз, комиссия хатшысы Енес Юлдирим және байланыс офицері Тахмина Бакиева бар.
Құрметті қонақтарды ыстық ықыласпен қарсы алған Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың жетістіктері мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Сонымен қатар өз сөзінде ректор оқу орнын әлемдік зерттеу университетіне трансформациялау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
«Қазіргі уақытта түркітілдес мемлекеттердің мемлекетаралық ынтымақтастығы артып келеді. Бұл ретте бауырлас Түрік елімен байланыс жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Қазіргі уақытта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS әлемдік рейтингінде топ-150 үздік жоғары оқу орындарының қатарында. Біз бүгінге дейін Түркиядағы 20-дан астам жоғары оқу орнымен 31 ынтымақтастық келісім жасадық. Екіжақты келісімдер аясында соңғы екі жылдан бері ҚазҰУ-дың 200-ге жуық студенті мен 88 оқытушысы Түркиядағы университеттердің түрлі іс-шараларында болып, бірлескен ғылыми зерттеулерге қатысуда. Биылғы оқу жылынан бастап Түркияның Ыстамбұл қаласында және Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында ҚазҰУ филиалдары жұмыс істей бастады. Түркі мемлекеттері арасындағы ғылым және білім интеграциясын дамыту жұмыстары әлі де жалғасады», – деді Жансейіт Түймебаев.
Өз кезегінде Түркияның Бас ұлттық ассамблеясының депутаты Режеп Шекер жылы қабылдағаны үшін Жансейіт Түймебаевқа ризашылығын білдіріп, ҚазҰУ-дың жетістіктерін жоғары бағалады. Ол өз сөзінде Түркі елдерінің ынтымақтастығын нығайтудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті. «Қазақстан біз үшін аса маңызды орын алады. Тәуелсіздік алған сәттен бастап елдер арасында берік достық қатынастар дамып келеді. Осыған байланысты біз серіктестіктің жаңа бағыттарына әрдайым ашықпыз», – деп атап өтті мейман.
Жүздесу соңында тараптар естелік сыйлықтармен алмасып, суретке түсті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі