Адам құқығы – мемлекеттің басты факторы

14 қазан, 2011

Тәуелсіз, зайырлы мемлекеттің ең басты капиталы – адам. Адам өмірінің мәнді де сәнді, мағыналы да, маңызды болмағы оның құқығының сақталуымен ерекшеленбек. Адам құқықтарының сақталуы, қорғалуы әсіресе, әлемге бейбітшілік брендімен танылып отырған қазақ елі үшін үлкен сын. Әсіресе, 2010 ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен тұста адам құқықтарының сақталуы қандай, не атқарылды, қандай дамытар тұстары бар деген сауал арнайы мекемелердің бірегей жауабына айналды. Осы орайда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия Еуропалық қауіпсіздік ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төрағалық тұстағы адам құқықтарының сақталуын арнайы зерделеген баяндамаларымен бөлісті.

14 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «2010 жылы Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы» баяндамалардың тұсауын кесіліп, онда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Сағынбек Тұрсынов, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы орталығы басшысының орынбасары Жаннет Клётцер, Ұлыбританияның Алматы қаласындағы Бас консулы Стивен Хиклинг және комиссия мүшелері Тастемір Әбішев, Виталий Воронов, және Герман Нұрбаев, Комиссия сарапшылары Салтанат Байқошқарова, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов және ғалымдар мен студенттер қатысты. «Бұл баяндамалар Елбасының, адам құқықтары жөніндегі халықаралық және ұлттық сарапшылардың оң бағасын алған болатын. Баяндама Ұлыбританияның қазақстандағы және Қырғызстандағы Елшілігінің, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы орталығының техникалық жәрдемімен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жеке таралыммен кітап ретінде басылып шықты.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Сағынбек Тұрсынов: «біздің мемлекетіміз үшін адам құқығы ең маңызды фактор. Біз Халықаралық сарапшылар, комиссия мүшелері осы баяндамалар арқылы кеңесе отырып, тағы қандай ұсыныстар, міндеттер қажет екендігін, сол негізде жұмыстарды жандандыра түсуді қолға аламыз. Өткен жылдардағы есептерде адам құқықтарының бұзылуы сот үдерістерінде жиі кездесетін болса, 2010 жылы бұл олқылықтың орынына келгенін байқаймыз. Есептегі жылы құқық қорғау органдарының әрекеттері мен әрекетсіздіктеріне шағымдану, әкімдердің, биліктің атқарушы және өкілді тармақтары органдары лауазымды адамдарының әрекеттері мен әрекетсіздіктеріне шағымдану көб кездескен», - деп атап өтті. Ал комиссия сарапшысы Салтанат Байқошқарова: «Адам құқығын қорғау барлығымыздың ортақ міндетіміз. Әр салада адам құқықтарының сақталуы бірізділенсе, жылдан-жылға тек дами түсеміз», - деген пікірімен бөлісті.

Тұсаукесер барысында Комиссия баяндамасында ұлттық заңнаманың салыстырмалы талдауы, мемлекеттік органдар қызметінің бағасы, құқықтық саясат, ұлттық заңнама және құқық қолдану практикасын Қазақстан ратификациялаған адам құқықтары саласындағы халықаралық пактілер мен конвенциялар нормаларына сәйкес одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсынымдар мен нақты іс-шаралар бар екені атап өтілді.

Сөз сөйлегендер Қазақстанның ОБСЕ-ге төрағалық ету жылындағы адам құқықтарына берілген бағалармен таныстырды және Елбасы жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссияның жүргізген жұмыстарына оң бағаларын берді. Ұлыбританияның Алматы қаласындағы Бас консулы Стивен Хиклинг: «Жалпы адам құқықтары жөніндегі базалық жұмыстар 2007 жылдан бастау алған еді. Біз оны тиянақты жалғастырып келеміз, жалғаса да береді. Ұлыбритания елі Қазақстанды бейбітшілік пен бірліктің, ынтымақтың кепілі деп таниды», - деген ойын жеткізді.

Комиссия баяндамасының ұсынымдарын Үкімет пен уәкілетті мемлекеттік органдар біртіндеп іске асыруда.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі