ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ОҒЫЗ ХАЛЫҚ ФИЛОСОФИЯСЫ: ФОЛЬКЛОРЛЫҚ МЕТАЭТИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕМЕ
Аталған іс-шараға Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Сәпиев, TÜRKSOY ұйымының бөлім басшысы Санжар Мюлазимоғлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Айнұр Құрманәлиева, Мимар-Синан университетінің профессоры Әбдіуахап Қара, Анкара университетінің профессорлары Алтынташ Хайрани мен Әли Рафет Өзкан, кітап авторлары, Хажеттепе университетінің профессорлар қауымы, докторанттар қатысты.
TÜRKSOY ұйымының бөлім басшысы Санжар Мюлазимоғлы кіріспе сөзінде: «Ұсынылып отырған ғылыми кітаптың қазақ және оғыз халықтарының фольклорлық бағыттағы сабақтастығы, мәдени ерекшеліктері, метаэтикалық ұқсастықтарын тануда құндылығы жоғары еңбек деп санаймын. Кез келген кітап үлкен еңбектің нәтижесі екені баршаға мәлім. Кітаптың мазмұны терең, тарихи сипаты жоғары, оқырманның қабылдауына тілі жеңіл, қарапайым тілмен сараптама жасалған», - деп ортаға салды. Сондай-ақ, жаңа кітаптың тұсаукесерімен профессорларды құттықтап, алдағы уақытта да жаңа оқулықтардың жазылатындығына сенім білдірді.
Сөзді жалғастырған Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Бас Елшісінің кеңесшісі Мерей Мұқажан өз тарапынан авторларды құттықтап, кітаптың түркі халықтарының фольклорлық мәдениетін танып-білуге бағытталған зор еңбек екендігіне тоқталады және екі ел арасындағы ғылыми- білімділік, зерттеушілік серіктестіктің нәтижесінде халық игілігіне ұсынылған еңбекке жоғары баға берді. Сөз соңында шараны өткізуге мұрындық болған университет басшылығына алғысын жеткізді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, философия және саясаттану факультетінің профессоры А.Д. Құрманалиева кітаптың тұсау кесері мен таныстырылымына арналған іс шараның арнайы делагаты болып қайтты және баяндама жасады. Өз сөзінің бастауында ең әуелі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы-Ректоры Ж.Қ. Түймебаевтың атынан ұйымдастырушылар алқасына ықылас білдіріп, аманатын жеткізді. Сондай-ақ, философия және саясаттану факультетінің деканы Б. Б. Мейрбаевтың, факультет ұжымының атынан кітап авторлары профессор Тұрсын Хафизұлының, Хажеттепе университетінің профессорлары Өзкүл Чобаноғлыны мен Сажиде Чобаноғлыны тыңғылықты еңбектің нәтижесінде жарық көрген кітаптың тұсау кесерімен құттықтап, ғылыми еңбектің мәдени біртектіліктің тарихын баяндауға, фольклорлық метаэтикалық қарым-қатынасты нығайтуға, тағылымдық идеяны жүзеге асыруға және өркениеттер тоғысқан заманда мәдени құндылықтарды сақтап қалуға негізделген құнды еңбек екендігін атады.
Кітаптың тұсаукесерінде қорытынды сөзді кітап авторлары алып, барша ұйымдастырушыларға, екі ел университетінің өкілдеріне, қатысушыларға ізгі ықыластырын білдіріп, жаңа кітапты сыйға табыстады.