«ҚазАқпарат» Ұлттық ақпарат агенттігі
Алматыда «Жастар. руханилық. Интеллектуалдық ұлт» аталатын ғылыми-теориялық конференция болады
АЛМАТЫ. 17 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда 19 қазанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің философия және саясаттану факультетінде «Жастар. руханилық. Интеллектуалдық ұлт» деп аталатын халықаралық ғылыми-теориялық конференция болады.
Ол ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ағын Хайруллаұлы Қасымжановтың 80 жылдығына және оның рухани мұралары арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі орнын көрсетуге, ақпараттық қоғамдағы интеллектуалды ұлттың қалыптасуының мәдени-философиялық негіздерін айшықтауға арналады. Бұл шара дәстүрлі А. Қасымжанов оқулары аясында ұйымдастырылып отыр. Оған биыл қазақстандық және АҚШ, Египет, Қырғызстан, Қытай, Ресей сияқты алыс-жақын шет елдерден қонақтар қатыспақ. Конферцения жұмысы - «Интеллектуалды ұлттың философиялық-мәдени негіздері», «Қоғамдағы заманауи жастар», «Ақпараттық қоғамдағы руханилық пен құндылықтар» деген тақырыптар бойынша жүрмек.
Қазақстандағы әл-Фараби мұрасын зерттеушілердің алғашқыларының бірі саналатын Ағын Хайруллаұлы Қасымжанов 1931 жылы 19 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген болатын. Оның тікелей жетекшілігімен бұрынғы Кеңес одағында әл-Фарабидің философиялық, әлеуметтік-этикалық, логикалық трактаттары алғаш рет қазақ және орыс тілдерінде жарық көріп, ғылыми айналымға енді. А.Қасымжанов 1994 жылдан бастап ғұмырының соңына дейін (2000 жыл) ҚазҰУ-дің философия және саясаттану факультетінде, философия және әлеуметтік таным әдіснамасы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Оның жетекшілік етуімен 70-тен астам аспиранттар, ізденушілер мен докторанттар кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғады.