Қазақстан тарихындағы алғашқы әйел-елшімен кездесу өтті

17 қазан, 2011

8 қазанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ–нің халықаралық қатынастар факультетінде «Талейран» Дипломатиялық клубының ұйымдастыруымен Қазақстан тарихындағы алғашқы әйел-елші, Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұңғыш тұрақты өкілі, ҚР сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар бойынша елшісі – Арыстанбекова Ақмарал Хайдарқызымен кездесу өтті.

Кездесудің бірінші жартысында Қазақстанның БҰҰ-ға ену мәселесі айтылды. А.Арыстанбекова жоғарыда аталған құжаттың өмірге келуіне ат салысқан адам ретінде студенттерге жас еліміздің дипломатиялық қызметінің қалыптасуы жайлы сөз қозғады. Кейін қатысушылар назарына Ақмарал Хайдаровнаның 1992 жылғы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзі жазылған бейнебаян алға тартылды. Сондай-ақ, кездесу барысында үстіміздегі жылдың 24 қазанында халықаралық қатынастар факультетінде БҰҰ-ның Даму Жоспары (ПРООН) қатысуымен БҰҰ Орталығы ашылатыны мәлімделді.

А.Арыстанбекова қазіргі уақыттағы жаһандану процестері, саяси күштердің орын алмасуы, ядерлік қауіпсіздік және дипломатияның бүгінгі күндегі рөлі сияқты тақырыптарды ерекше атап өтті. Сондай-ақ, студенттердің көкейлеріндегі сұрақ-сауалдарына жауап бере отырып, ол халықаралық қатынастардың алдағы онжылдықтардағы даму үрдісі туралы ойымен бөлісті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі