Білім беру сапасын жетілдіру және әлемдік білім беру кеңістігінде кірігу жолдары

3 ақпан, 2009

2009 жылдың 28 қаңтар күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Болон үдерісіндегі жоғары білім берудің сапасын жетілдіру: болмысы, мәселелері және келешегі» атты оқытушы-профессорлар құрамының 39 ғылыми-әдістемелік конференциясы мен «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздік оқытушысы» форумы өтті.

Жақын болашақта республикадағы жоғары білім беруді реформалаудың негізгі кезеңдері аяқталып, соңғы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беретін Болон келісіміне қол қоюды жоспарлауда.

Конференцияның мақсаты - әлемдік білім беру кеңістігіндегі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың кірігу жолдарының тиімділігін анықтау және Болон үдерісі ұстанымына сәйкес жоғары білім беру сапасын жетілдіру.

Еліміздің жетекші университетінің ғылыми қауымдастығы осы уақытқа дейін бұл бағытта Қазақстан университеттерінде не жасалынды, жақын болашақта не істеу керек, біздегі білімнің бәсекеге қабілетті және тартымды етудің жолдары қандай және әлемдік білім беру процессіне қалай енеміз деген бірқатар мәселелер ғылыми-әдістемелік конференцияда осы өзекті мәселелерді талқылады.

- Конференция университеттің мерейтой жылында өтіп жатыр. Бұл бізге үлкен жауапкершілікті жүктейді. Біз ТМД-да алғаш болып үшсатылы білім беру жүйесін мен биылғы оқу жылынан бастап кредиттік технологияны меңгерудегі жаңа қадамға айналған Интранет жүйесін енгіздік. Университетте жыл сайын аккредитациядан өтетін сапа менеджментінің жүйесі (СМЖ) жасалынып, жұмыс істеп жатыр. Бізде шетел жоғары оқу орындарымен 400-ден астам келісімшарттарға қол қойылған. Әрбір меморандум, әрбір келісімшарт жұмыс істеуі қажет. Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының тәжірибесін тиянақты зерттеуіміз керек. Бұл конференциядан мен профессорлық-оқытушылық құрамның әдістемелік жұмысын қай бағытта дамыту жөніндегі ұсыныстарды күтемін. ҚазҰУ - Қазақстан жоғары оқу орындарының көшбасшысы ретінде Болон үдерісінің Қазақстанда және посткеңестік кеңістікте сіңісуіне арналған әдістемелік негізіді жасап шығу жауапкершілігін өзімізге алуға тиіспіз, - деді ҚазҰУ ректоры Б. Жұмағұлов өз баяндамасында.

Конференция үш секция бойынша жұмыс жасады. Онда Болон үдерісі принциптерінің аясында бакалавриат-магистратура-доктарантурадағы оқу үдерісін жетілдіру, білім берудің сапасын бағалау көздері мен инновациялық әдістері және білім беру ұйымдары мен білім беру бағдарламаларын аккредитациялау - әлемдік білім беру кеңістігінің интеграциясы факторы ретінде қарастырылды. Конференция жұмысына 1500 адам қатысып, 160 ғылыми баяндамалар ұсынылды, олардың ең үздігі конференция материалдарының ғылыми жинағында жарық көреді.

Конференция жұмысына шетелдік қонақтар қатысты. Олардың ішінде Кластер бюросының басшысы және Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан бойынша ЮНЕСКО-ның Өкілі Терьи Виртанен өз ұйымдарының білім беру саласындағы халықаралық қызметі жайында әңгімелеп берді. Пусан университетінің (Оңтүстік Корея) профессоры Янг Мун өз баяндасмасында тамыры тереңде жатқан және Кореяда жемісті қолданылып жүрген академиялық автономияны жүзеге асыру тәжірибесімен бөлісті.

Профессор Ph.D Алекс Данилович (АҚШ) өзінің баяндамасын ҚазҰУ-дың 75 жылдық мерейтойымен құттықтаумен бастады. Ол АҚШ-тағы жоғары білім беру жүйесі мен кредиттік технология саласында әлемде сәтті қолданылып жүрген ACTS жүйесімен жан-жақты таныстырды.

- Жаһандану қоғам, саясат, экономика, тіпті рухани құндылықтар сынды өмірдің барлық аспектілеріне араласады. Жаһандану білім беру саласын да айналып кете алмайды. Болон үдерісі бастапқыда еуропалық білім беру жүйесіне бағытталса, қазір дүние жүзінде әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялау үрдісі жүріп жатыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстандағы және Орта Азиядағы әлемдік білім беру жүйесіне енудің көшбасшысы болып табылады, - деп қорытындылады өз баяндамасын профессор Алекс Данилович.

Конференция қорытындысы бойынша ҚазҰУ-дың ғалымдары мен оқытушылары резолюция қабылдады. Онда Болон үдерісінің негізгі принциптерін жүзеге асыру, кредиттік білім беру жүйесіндегі әдістемелік жұмысты әрі қарай дамыту, білім берудің белсенді және инновациялық әдістерін енгізу, оқытудың сапасын бақылау тиімділігін көтеруге арналған ұсыныстар, студенттерді сапалы білім алуға ынталандыру, бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауда тәжірибе алмасу және т.б. мәселелер көрсетілді.

ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі