ҚазҰУ-дың 86 студенті ҚР Президентінің стипендиясының иегері атанды

28 қараша, 2022

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Бұйрығымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттеріне Қазақстан Республикасы Президентінің 2022-2023 оқу жылына арналған стипендиясы берілді.

«Еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр. Бұл – уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз», – деп атап өтті Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.

Осы міндетті орындай отырып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ еңбек нарығында жоғары технологиялық уақыттың жаңа сұраныстарына сәйкес келетін мамандарды дайындайды. Бакалавриат бағдарламалары бойынша білім алушылар мен магистранттар оқуда жақсы табыстар көрсетуде. ҚР Президентінің стипендиясын тағайындау – ЖОО тарапынан жасалып отырған істің нақты дәлелі. Оқудағы үздік жетістіктері мен жоғары оқу орнының қоғамдық өміріне қосқан үлесі үшін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің үздік студенттеріне Қазақстан Республикасы Президентінің 2022-2023 жылдарға арналған шәкіртақы тапсырылды.

Шәкіртақы алушылар тізіміне бірқатар факультеттердің 84 бакалавры кірді: биология және биотехнология (2), география және табиғатты пайдалану (12), шығыстану (3), журналистика (11), халықаралық қатынастар (8), филология (12), философия (9), Жоғары Экономика мектебі (11), Заң мектебі (11), Ақпараттық технологиялар (4), медицина және денсаулық сақтау (1). Сонымен қатар медицина және денсаулық сақтау, география және табиғатты пайдалану факультеттерінің екі магистрантына ҚР Президентінің шәкіртақысы берілді.

Біз стипендиаттарды құттықтаймыз және еліміздің жетекші жоғары оқу орнын үздік бітіріп, алған білімдерін мемлекет болашағына жұмсайды деп сенеміз.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі