Әріптестеріңнің мойындауы – ең үлкен мәртебе
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарихында тұңғыш рет «ҚазҰУ-дың үздік оқытушысы» атты форум өтті.
2008 жылдың қорытындысы бойынша ең үздік деп танылған 115 оқытушыны марапаттау рәсімі салтанатты түрде Студенттер сарайының нағыз студенттік сахнасында салтанатты түрде өтті.
«ҚазҰУ-дың үздік оқытушысы» байқауы - бұл Қазақстанда үшінші рет жүргізіліп жатқан «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атты Республикалық байқаудың университетаралық кезеңі. Оқытушылар қызметі бірнеше талаптарға сай бағаланды, соның ішінде оқыту, ғылыми-әдістемелік, тәрбие жұмысы, ұйымдастыру, қоғамдық жұмыстарға қатысу белсенділігі ескерілді. «Оқытушы - студенттердің көзімен» сауалнамасына оқытушылардың қатысуын ерекше атап өтуіміз қажет. Себебі, студент білім қызметіне негізгі тапсырыс беруші болып табылады.
- Профессорлық-оқытушылық құрам - ҚазҰУ-дың тірегі. Менің ойымша, өз еліңнің, өз университетіңнің үздік оқытушысы атану - ең ыстық мәртебе, - деді үздік оқытушыларды құттықтау сөзінде ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов.
2005 жылғы республикалық байқаудың жеңімпазы ҚазҰУ-дың 26 оқытушысы, 2006 жылы - 35, 2007 жылы - 38 үздік атанғанын айта кету керек. Бүгінде 13 факультеттің үздік оқытушысы атанғандардың ішінде 66 ғылым докторы, 49 - ғылым кандидаты бар. Үздік оқытушылар университет білімін жаңа сапалы деңгейге көтеретін дәстүрге жол ашқандарына кәміл сенімді.
ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі