ҚазҰУ-да Фараби оқулары өтеді

21 қазан, 2011

Осы жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20-жылдығы қарсаңында Қазақ ұлттық университетіне Әбу Насыр әл-Фарабидің есімі берілгендігіне де 20 жыл толып отыр. (Министрлер Кабинетінің № 626-шы Қаулысы, 1991 жыл 23 қазан).

Шығыстың ұлы ойшылы, философ - энциклопедист Әбу Насыр әл-Фараби (870-950 жж.) – түркі тұқымынан тараған, қазақ топырағында дүниеге келген ғұлама (Отырар, Түркістан). Терең білім мен ғұламалық оны «Екінші Ұстаз» атандырды. Ол философия, логика, саясат, этика, музыка және астрономия саласынан терең білімі болды. Ұрпақтарына бай мұрасын – 160-тан астам еңбектер, философиялық трактаттар қалдырды.

Қазақ ұлттық университетінде әл-Фараби мұраларын сақтауда, жастар тарапынан оның идеяларын зерттеуде үлкен жұмыстар атқарылуда. Жаңа музейде ғұламаның мәдени мұраларына арналған Кешен жасақталып, жаңа мұражай салу жоспарлануда. Университет музейі мен әл-Фараби Орталығы философия және саясаттану факультетімен бірге Фараби оқулары-Пәнаралық ғылыми-студенттік семинар өткізу бастамасын көтеруі кездейсоқтық емес. Семинар бұндай ғылыми-мәдени негізде алғашқы рет өткізілгелі отыр. Ол 21 қазан 2011ж. сағат 16-00-де университет музейінде өткізіледі.

Семинардың мақсаты – университет студенттерімен бірлесе отырып әл-Фарабидің көпқырлы және бай мұраларын пәнаралық тұрғыда зерттеу.

Міндеттері – гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары саласындағы әл-Фараби мұраларын ғылыми тұрғыда қарастыру; студенттердің академиялық жұмыс істей білу, презентация дайындау мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қабілеттерін қалыптастыру.

Студенттер, магистранттар, жас ғалымдар баяндамалар жасап, презентациялар көрсетеді, ғылыми саяхаттары мен зерттеу жұмыстарының жоспарларымен бөліседі. Модераторлар – фарабитанушы-ғалымдар, университетіміздің тәжірибелі педагогтары. Музей қызметкерлері мынадай тақырыптар бойынша әдістемелік кешен: «Әл-Фараби және адамзат өркениеті», «Қазақ даласының ұлы тумасы. Отырар феномені», «Ойшыл дүниетанымы қазіргі жастар көзімен» және тағы басқалар. Семинар музейде интерактивті режимде, видеороликтер мен мультимедиялық презентациялар көрсетілумен өткізіледі. Ойшылдың мұраларына арналып көрме ұйымдастырылады - «Мәдени Мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген «Әл-Фараби мұрасы: Қазақстандық философиялық зерттеулер» 10 томдық шығармалар жинағы мен әл-Фарабидің Отанынан, Түркия мұражайлары мен университеттерінен, басқа да шетелден әкелінген экспонаттар, тарихи құжаттар қойылады. әл-Фараби шығармашылығы – әлем мәдениетінің жарқын беттері. Оның ғылыми білімнің дамуына қосқан үлесі шексіз. Ойшылдың шығармашылығының сан қырлылығы, оның ғылымның әр саласындағы қарастырған мәселелері өсіп келе жатқан ұрпақтың әл-Фарабидің мәдени мұрасына деген қызығушылығын тоқтатпайды.