«ҚазАқпарат» Ұлттық ақпарат агенттігі

21 қазан, 2011

20.10.2011 / 18:30

БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды

АЛМАТЫ. 20 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен БҰҰ-ның Қазақстандағы қызметінің 20 жылдығына орай

БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ағарту, білім беру және мәдениет саласы бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық жайындағы меморандумға қол қойды.

Аталмыш меморандум негізінде, енді екі жақтың бірлескен қызметі - гуманитарлық, қоғамдық, экономикалық ғылымдар саласында ғылыми-зерттеу жобаларын дамытуға бағытталатын болады. Сонымен қатар, денсаулық сақтау және адами әлеуетті жоғарылату мәселелеріне зор көңіл бөлінбек.

Шара барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті - Біріккен Ұлттар Ұйымының «Академиялық ықпал» бағдарламасының мемлекеттегі бірінші қатысушы жоғары оқу орны екендігін», атап өтті.

Естеріңізге сала кетсек, «Академиялық ықпал» - адам құқығы, сауаттылық, тұрақты даму мәселесі, қақтығыстарды шешу және бейбітшілікті сақтау, мәдениетаралық диалог мәселелері аясында әлемге әйгілі он принципті беделді түрде қолдау мақсатындағы БҰҰ-ның жаһандық бастамасы болып табылады.

Шараға ҚазҰУ-дың студенттері, оқытушы-профессорлар құрамы мен БҰҰ қорының өкілдері қатысты.