- Басты бет
- Жаңалықтар
- Польша Республикасының Казақстан мен Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Яцек Ключкевскимен кездесу өтті
Польша Республикасының Казақстан мен Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Яцек Ключкевскимен кездесу өтті
«Талейран» Дипломатиялық клубының ұйымдастыруымен 19 қазанда халықаралық қатынастар факультетінде Польша Республикасының Казақстан мен Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Яцек Ключкевскимен кездесу өтті.
Кездесудің басында Елші Польша мемлекеттілігінің құрылуы, поляк халқының өз тәуелсіздігі үшін күресі, қазіргі уақыттағы Польшаның әлемдегі, соның ішінде Еуропадағы саяси және экономикалық ахуалы, Қазақстан мен Польшаның ынтымақтастығы туралы сөз қозғады. Кездесу барысында декан Кәрімжан Нұрымұлы халықаралық қатынастар факультетінде Польша елшілігінің қолдауымен Польшаның ақпарат ресурс орталығын ашу туралы ұсынысын алға тартты. Оның ойынша, бұл орталық Польша тіліне, тарихына және мәдениетіне қызығушылық танытқан студенттер үшін үлкен академиялық қолғабыс болмақ.
Сондай-ақ, жиналғандар Елші Яцек Ключкевскиге өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Әсіресе, факультеттің оқытушы-профессорлар құрамы бұл орайда белсенділік танытты. Т.ғ.к. С.Ж.Сапанов Польша архивтеріндегі М.Шоқайдың тұлғасы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу мәселесі туралы сұрақ қойды. Факультет ардагері, профессор К.К.Кожахметов шығыс мәселесін, яғни Польшаның Беларусь, Молдова, Украина мен Әзірбайжан сияқты мемлекеттермен қарым-қатынасы мәселесін қозғады. Кездесу соңында Елші жоғарыда аталып кеткен барлық сұрақтардың оң шешімі үстіміздегі 2011 жылда өтетін Казақстан Республикасы Президентінің Польшаға сапары барысында табылатынына уәде берді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі