Қазақ философиясы - даналық философиясы
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінде дәстүрге айналып келе жатқан кезекті лидерлік дәріс өтті. Дәріс оқуға кезінде факультетіміздің деканы, оқытушылардың біліктілігін арттыру институтының директоры, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры болған, белгілі философ, философия ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Қасабек шақырылды.
М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде әлемдік философияны меңгерген А. Қасабек тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақ философиясы ғылымының іргетасын қалаушылардың бірегейі ретінде танымал. Осыған байланысты лидерлік дәріс тақырыбының «Қазақ философиясының өзекті мәселелері» деп таңдалып алынуы кездейсоқ еместін.
Профессор А. Қасабек өз дәрісінде қазақ философиясын екі ұстанымнан: бір жағы, Шығыс пен Батыстың гуманитарлық және мәдени дәстүрлерінен, тіпті классикалық философияның басты ағымдарынан бөле-жара қарастыруға, екінші жағы, халықтың танымдық деңгейінен тыс қарауға бола қоймас дей келе, бүгінгі Қазақстанның толығымен Батысқа да, Шығысқа да енбейтін Еуразиялық аймақта орналасқандықтан өзіндік ерекше ой түю үрдісі бар екендігін баса айтты. Заманауи қазақ философиясы өзінің тарихи ғылымында қазақ философиясының тарихы іспеттес. Оның ерекшелігі – зерттейтін объектісі осы заманның ауқымынан шығып, келешек, қазіргі мен өткенді жүйелі түрде рациональды ойлау үдерісінен өткізіп, екшеуі, сондықтан өз бойында жаңа типті мәнерін, өрнегін таразылау, сақтау және жаңартуы. Халқымыздың ой-санасының деңгейін көтеру үшін қазақ философиясының объектісін, мақсат-міндеттерін анықтау абзал. Қазақ философиясының объектісі дегеніміз – белгілі бір тарихи-әлеуметтік кеңістік пен уақытта өмір сүрген (сүретін) адам мен адамзаттың жасампаз тәжірибесінің мұрасы, оларды ұрпақтан-ұрпаққа таратудың амал-тәсіл жиынтығы. Оның мақсаты: ұлыстар мен ұлттардың рухани қазынасын тұлғалық тірек ретінде таратудың тәсіл-тәжірибелерін жүйелеу. Осы әлеуметтік-рухани бағдардан туындайтын қазақ философиясының міндеттерін айқындауға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда факультеттің профессор-оқытушылары, докторанттары, магистранттары мен студенттері белсене қатысқан лидерлік дәріс өте қызықты өтті. Студенттер тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, профессор А. Қасабектің берген дәлелді жауаптарына ризашылықтарын білдірді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі