ШҚО облысының әкімі Алматыда оқып жатқан шығысқазақстандық студенттермен кездесті

28 қазан, 2011

Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы келіп Алматыдағы шығысқазақстандық студенттермен кездесті. Кездесуге келген қонақтар қатарында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов сонымен қатар, шығыс өңірінің тумалары бүгінде елімізге кеңінен танымал мәдениет және өнер қайраткерлері, ғалымдар, журналистер, әдебиет өкілдері, жазушылар мен басқа да зиялы қауым өкілдері бар. Мәселен, зиялы қауым демекші олардың қатарын Шерияздан Елеукенов, Бибігүл Төлгенова, Бауыржан Жақып, Майра Ілиясова, Толқын Забирова сында аты елімізге танымал топ бастап келді.

Шығыс делегациясына қарата айтқан сөзінде Білім және ғылым министрі: «Ұлы Абайдың, Шәкәрімнің елінен келген зиялы қауым бүгін арамызда. Облыс әкімінің бастамасымен Алматыда оқып жатқан шығысқазақстандық студенттермен кездесу өткізіліп отыр. Әкім өзі бастама танытып жастарға келуі үлкен тмаңыздылықты аңғартады. Бұл сапардың басты мақсаты «Дипломмен - ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтуге арналып отыр. Менің білуімше, Алматының жоғары оқу орындарында Шығыс Қазақстан облысынан келген төрт мыңнан аса студент маманданып жатса, бүгінгі кездесуге солардың арасындағы ең үздіктері саналатын төрт жүздейі келіп отыр деп сенемін», - деп атап өтті. Бұдан кейін Бақытжан Тұрсынұлы бір жыл ішінде отандық білім және ғылым кеңістігінде жасалынып жатқан іргелі істерге, қабылданған заңдарға тоқталды. Ал жастар аудиториясына қарағайдай болып келіп отырған шығыстың шынарларына қарап қабілетті маман, ел сенімін ақтар үлкен азамат болуларын тіледі. Шығыс топырағынан шыққан майталмандарды атап, сол аға буынға қарап өздерін дамыту түсуді, бүгінгі кездесуде әдейі мақтаныш ретінде шақырып отырған жерлестерін үлгі етуді айтты. Сонымен бірге жас ұрпақ тәрбиесіне, біліміне үлкен мән беріп отырған әкімнің ісіне құрмет танытты. «Шығыс елі зиялы қауымға бай өңір. Ол киелі топырақтан түлеген, сендер де, оңтүстік өңірінде тек көшбасшылық таныта беріңдер», - деген лебізімен бөлісті. Министрден кейін сөз алған ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев өңірлік дамуын, облыстың эл экономикасына қосып жатқан үлесін саралап, аграрлық шаруашылықпен ерекшеленетін Шығыс Қазақстанның сонымен қатар индустриялық дамуда да алар орнын ерекше атап көрсетті. Бердібек Сапарбаев: «Шығыстан Оңтүстікке арнайы ат басын бұрып отырмын. Бір жағынан жерлестерімнің қал-жағдайымен, оқу үлгерімдерімен танысуға арналады. Жат жерде шығыс елінің туын биік ұстап жүр ме, әлде атымызға кір келтіруде ме деген сауалға жауап іздей келдім», - деп әзіл-шыны аралас бір толғап өткеннен кейін, ол: «Жастар – біздің болашағымыз. Бұл келуім сіздердің іздеушілеріңіз бар екенін, сонымен бірге студенттерге артар сенімнің зор екендігін айқындайды. Арнайы кездесе отырып, жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін «Дипломмен - ауылға» бағдарламасына үн қосыңыздар деген тілек айтамын. Шығыс өңіріне мықты маман болып оралып, туған елдеріңіздің, туған жерлеріңіздің дамуына үлес қосыңыздар деген ұсынысымды жеткізе келдім, - дейді. Содан кейін Алматыдағы әрбір жоғары оқу орындарында оқып жатқан студенттерге орташа көлемдегі шәкіртақы, ал, ең үздік 20 студентке облыс әкімінің грамотасы мен сыйақы табыс етті. Сонымен қатар, алматылық ЖОО ректорларына алғыс хат жолдады. Кездесу барысында сонымен қатар, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалым Мұтанов: «Облыс әкімі арнайы келіп, болашақ мамандарымызды бірге қалыптастырып, бірлесіп тәрбиелеуге бастама танытып отыр. Ол құптарлық іс. Өңірден шыққан студенттерге биліктің көңіл аударуы үлкен жауапкершілік»,- деген пікірімен бөлісті. Жиында Ғалым Мұтанов пен Бердібек Сапарбаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ШҚО арасында мамандарды бірігіп дайындау келісім-шартына қол қойылды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі