Отандық және шетелдік экономистер айтулы саланың әдіснамасын назарға алды
Экономика ғылымы қандай деңгейге жетті, қай сатыға көтерілді, нендей жаңалықтар бар? Бұл сұрақтарға жас ғалымдар мен экономика факультеттерінде маманданып жатқан студенттер жауапты 3 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Экономика ғылымының әдіснамасы, теориясы және практикасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда тыңдай алды.
Экономика әдіснамасын және аталмыш салада теория мен тәжірибені ұштастыру бағытын қамтыған ғылыми жиын Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, көрнекті ғалым Әубәкіров Яхия Әубәкірұлын еске алуға арналды. Халықаралық жиынның өтуіне әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірге, ҚР ЖОО қауымдастығы, Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы да қолдау танытты. «Халықаралық бас қосу экономика ғылымының майталманы, үздік ұйымдастырушы, ғалым Яхия Әубәкіровтың ғылымға қосқан үлесін насихаттай отырып, экономиканың өзекті тақырыптарын қозғап отыр. Мұнда көтеріліп жатқан экономика саласындағы баяндама тақырыптары қоғам дамуында өте маңызды. Конференцияда экономикалық ғылымының теория және әдіснама мәселелері, экономикалық саясаттың және Қазақстан дамуындағы тәжірибелік өзекті мәселелер, экономикалық кадрларды дайындауды жетілдірудің басымдылықтары да кеңінен қарастырылуда. Бұл халықаралық жиынды сонымен қатар жас мамандардың, магистранттар мен докторанттардың білім жинау, жетекші ғалымдармен тәжірибе алмасу алаңы деп есептеуге болады», - дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, ҚР ҰИА академигі, т.ғ.д., профессор Ғалым Мұтанов.
Ғылыми басқосуда әл-фараби атындағы ҚазҰУ профессоры М.Қ.Байгісиев «Қаржылық дағдарысты еңсерудің кейбір теориялық жағдайлары» атты басянамасымен бөліссе, Халықаралық Бизнес Академиясының профессоры, з.ғ.д. «Академик Я.Ә.Әубәкіров еңбектеріндегі аграрлық қатынастардың теориялық-әдіснамалық аспектілерін зерттеу» баяндамасын бұқараға ұсынды. Бұдан өзге шетелдік және отандық ғалымдар конференцияда Я.Ә.Әубәкіровтың ғылыми мұрасы, экономикалық ғылымның теориясы және әдістемелері: өзекті мәселелері және даму бағыттары және қазақстанның ұлттық экономикасы: қазіргі мәселелері және келешегі тақырыптарында кеңінен қозғады.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Әубәкірова Жания Яхияқызы: «Бүгінгі халықаралық конференция әкеме, ол кісінің ғылым жолына арналып отыр. Әке жолын қуып экономист атанбағаныммен, мен де сол кісі тәрізді ұстаздық, ағартушылық жолындамын. Ұрпақ тәрбиелеп, қоғамның гүлденуіне, еліміздің дамуына жоғары оқу орнының басшысы ретінде еңбек етіп келемін. Әкем зиялы ғалым, ұлғатты, ізденімпаз, жаңашыл адам еді. Отбасында да, достарының арасында да, ұжымында да биік беделге ие. Есімі әрқашан жадымызда сақтала бермек. Өмірден озып кетсе де өшпес мұралары, ғылым маржандары әрқашан бізге әке қамқорлығын сездіріп тұрады», - деген естелігімен бөлісті.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі